24 желтоқсан. Туған күн иелері

0

2018 жылғы 24 желтоқсан 08:15


АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін, яғни 24 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.


24 желтоқсан. Туған күн иелері
ЕСІМДЕР

108 жыл бұрын (1910-1982) даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан МОМЫШҰЛЫ  дүниеге келді. 

Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген.

1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Соғыс басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған.

Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар.

Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат» атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.

Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген. Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерейтой республика көлемінде кеңінен аталып өтілді. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді. 

2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті.

Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

62 жыл бұрын (1956) «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай тасымалдау жөніндегі вице-президенті Нұртас Нұрыбекұлы ШМАНОВ дүниеге келген.

Ол бұрынғы Гурьев қаласында туған. Уфа мұнай институтын инженер-механик мамандығымен (1979), Массачусетс университетін (Бостон, АҚШ) бітірген, «Шеврон» компаниясында тағылымдамадан өткен (1992-1994); Қазақ мемлекеттік академиясы жанындағы Нарық институтын қаржы және несие бағытында тәмамдаған (1998).

Еңбек жолы: Еділ маңы магистралды мұнай құбырлары басқармасының Балықшы аудандық мұнай құбырлары басқармасының негізгі технологиялық қондырғыларды жөндеу слесарі (1979-1981); Балықшы АМБ диспетчері, аға диспетчері, ПДС бастығы, пайдалану қызметінің бастығы, бас инженері (1981-1986); Ақтөбе АМБ бас инженері (1986-1987); Теңіз-Атырау-Астрахан-Грозный мұнай құбырының учаске бастығы (1987-1988); Балықшы АМБ бас инженері (1988-1992); «Шеврон» компаниясының техникалық менеджері, тасымалдау жөніндегі менеджері, көлік жобалары менеджері «Шеврон», коммерциялық менеджер (1994-2006); «КТК-Р» компаниясы бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары (2006-2007); «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (2007-2008); «Теңізшевройл» және Дунга жобалары жөніндегі басқарушы директоры (01.2009-06.2009); «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры, басқарма мүшесі (2009-2012); «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының тасымалдау инфрақұрылымы жөніндегі орынбасары (2012-2015); «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы) (2015-2016).

Қазіргі лауазымын 20016 жылдың тамызынан бері атқарып келеді.

«Астананың 10 жылдығы», Жаңаөзен қаласының 40 жылдығына орай медальдарымен; «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құрмет грамоталарымен марапатталған.

32 жыл бұрын (1986) «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанат Зарубекқызы ЖАХМЕТОВА дүниеге келген.

Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін (2001); Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (2008), және Абердин университетін (2012) тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2009 жылы «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ сынақ зертханасында жетекші маман (2009); Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға басшылық ететін орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінде қызметте (2009-2016); Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары (2016 жылдан). 

Қазіргі лауазымын 2017 жылдан бері атқарып келеді.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz