24 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

0
75

2018 жылғы 24 желтоқсан 07:00


АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 24 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.


24 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі
24 желтоқсан, ДҮЙСЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1944 жылы Қазақ академиялық опера және балет театрының сахнасында алғаш рет «Абай» операсы қойылды. Либреттосы – М.Әуезовтікі, музыкасы – А.Жұбанов пен Л.Хамидидікі, режиссері – Қ.Жандарбеков. Либреттоға ақын өміріндегі драмалық оқиға арқау болған. Музыкалық шешімінің әуезділігі, халықтың ән мұрасымен ете байланыс, кәсіби опера өнерінің жетістіктерін ұлттық операда тиімді пайдалану шығарманың табысы болып саналады. Операға Абай әндері сәтті енгізілген. Ақын бейнесін ашуға философиялық мазмұны терең «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қай талқы» секілді әндер алынған.

2004 жылы Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығы аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына елорданың барлық ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері мен құрметті ақсақалдар қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Резиденцияның ашылу салтанатында жаңа ғимаратты «Ақ Орда» деп атады. Резиденция 2001 жылы қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36 720 шаршы метр. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Күмбездегі сүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі 80 метр.

2010 жылы Павлодарда Ж. Аймауытов атындағы музыкалық-драма театрының сахнасында белгілі композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» алғашқы қазақ операсы көрермен қауымға жол тартты (1913-1960).
Екі дарынды суырыпсалма ақын Біржан мен Сараның қайғылы махаббат трагедиясын музыкалық көрсетілім қоюшысы, театрдың бас режиссері Ерсайын Тапенов ұсынды. Спектакльде 100-ге тарта әртістер мен Болат Рахымжановтың басшылығымен облыстық симфониялық оркестр өнер көрсетті.

2012 жылы
еліміздің басты ұлттық телеарнасы QAZAQSTAN «Қазмедиа орталығынан» хабар тарата бастады. Медиа орталығының барлық технологиялық алаңдары «Sony», «Omneon», «Dalet», «Pharos», «Everts», «Apple», «Avid» секілді әлемнің алдыңғы қатарлы өндірушілерінің қондырғыларымен жабдықталған.

2016 жылы Америкадағы El Paso Times басылымы pound-for-pound үздік боксшыларының рейтингін жариялады. Жыл қорытындысы бойынша аталмыш рейтингте, орта салмақтағы үздіктердің көшін WBA/IBF/WBC/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, жерлесіміз Генадий Головкин бастады.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz