«Ирина Кайратовна» тобының мобилографы концертте көз жұмды
“Ирина Кайратовна” тобының мобилографы Астанада концерт кезінде көз жұмды. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мобилограф концерт басталмай тұрып сахнада құлаған. Кейіннен топ мүшелері өнер көрсетпейтіндерін хабарлады.
“Бұл туралы айту бізге өте қиын. Біздің мобилографтың сахнадан құлап кеткенін көрген боларсыздар, ол қайтыс болды. Өкінішке қарай, біз бүгін алдарыңызда өнер көрсете алмаймыз. Келгендеріңізге, бізге қолдау көрсеткендеріңізге көп рахмет. Біз сіздерді жақсы көреміз”, — деді ИК тобының мүшесі Азамат Маркленов.
Астана полициясы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, 14 қазан күні концертте 21 жастағы мобилограф есінен танып, сахнаға құлаған. Өкінішке қарай, ол жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
«Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Әкімдік пен көрермендер түсіністік танытып, концерт у-шусыз аяқталды», — деп хабарлады Астана ПД.
фото: esquire.kz