Біздің халық өзінің бірінші билік екенін сезіне алмайды — Ринат Зайытов сайлау жайлы
Мәжіліс Депутаты Ринат Зайытов «Адырна» ұлттық порталының youtu.be арнасындағы «Таразы» бағдарламасына берген сұхбатта Қазақстандағы сайлау жүйесіне толықтай көңілі толмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, әр ауыл, әр қала өз тұрғындарының ішінен жақсы әкімді сайлап алғаны дұрыс.
— Мен ауыл әкімдерін сайлауда Ақат ауылына бардым. Менімен аттас Ринат деген жігітті ауыл адамдары әкім ретінде сайлауға ниетті екенін жеткізді. Тұрғындар бұл орынға сырттан келген адамның қажеті жоқ деп санайды. Себебі ол жігіт сайлауға қатысып, ешқандай бұрмалаушылыққа жол бермей келе жатқан абыройлы азамат болса керек. Барлығын халықпен келісіп, оларға есеппен беріп отырады екен. Бастысы халық дән риза. Қысқасы, «әр үйге жанашырлық қылатын сол үйдің қожайыны» деген сөз. Келген қонақ сыйлы, құрметті болады, бірақ ол сол үйдің қабырғасы улап жатыр ма, құбыры тесіліп жатыр ма, тіпті қоқыс төгілді ме, оны ойламайды. Дәл солай кез келген өңірді ойлайтын сол жердің тұрғындары. Алдағы уақытта осы жүйемен аудан, қала, облыс әкімдерін сайласа, бұл біріншіден, жергілікті халықтың жағдайын түзеуге әкелер еді, екіншіден республикадағы сайлау мәдениетін қалыптастырмақ. Жасыратыны жоқ, бізде тек Мәжіліс және Парламент сайлауы болады. Ал халыққа айтсаң «Қой, олар өзі шешіп алады, бізді қайтсін, бармаймыз» деп қолды бір сілтейді. Олар өз дауыстарының мемлекет үшін қаншалықты маңызды екеніне сенбейді. Сондықтан бірінші билік — халық өзі екенін сезіне алмайды, — деді Ринат Зайытов.
фото: ғаламтордан