223 см қайда кетті? Алматыда Алтынсаринге қойылған ескерткіштен дау шықты
Алматы қаласындағы ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсаринге қойылған ескерткіштен шикілік шықты. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2021 жылы орнатылған ескерткіштің құжат бойынша биіктігі – 750 см, ал шын мәнінде 527 см. Айырмашылық – 223 см.
Қоғам белсендісі ескерткіштің биіктігін арнайы өлшеп, ескерткіштің техникалық сипаттамасында көрсетілген құрамына қатысты да күмән келтірді.
2021 жылдың 30 желтоқсанында Алматы қаласында ұлт ұстазы атанған Ыбырай Алтынсаринге арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылуына Алматы қаласының сол кездегі әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Қола мен граниттен жасалған, биіктігі алты метрлік ескерткіштің авторлары – Данияр Сарбасов, Әлімжан Тоқбаев, Дулат Үсенбаев және Қанат Бегулиев.