Ақан Әбдуалиев, дәстүрлі әнші, Жамбыл атындағы филармония директоры: “Жаңа өзгерістердің бастамасы”

0
3724

Биылғы Жолдауда айтылған президентті тек бір мерзімге, 7 жылға сайлау бастамасын қос қолдап қолдайтынымыз анық. Ел басқарған адам 7 жылдың ішінде біраз өзгеріс енгізіп, тұрақты жұмыс атқарып, халық үшін елеулі еңбек етуге үлгереді. Келесі президент сайланған соң ол да өз жаңалықтарын енгізіп, мемлекетті дамытуға ат салыса береді. Реттіліктің көрінісін байқаймыз.Осылайша, екінші рет сайлауға түспей, өз орнын әділ түрде басқа басшыға тапсырып отыратын президенттердің буыны қалыптасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі және сыртқы саясатты көрген, қайнаған ортасында жүрген адам екенін бәрі біледі. Жарты ғасырға жуық тәжірибесі бар десек – артық айтқанымыз емес. Бұл шешімді егжей-тегжейлі зерттеп, ой елегінен өткізіп, таразыға салып барып қабылдағаны сөзсіз. Әділдік пен дамудың нақты жолына бағытталған қадам. Дамыған елдерде, әсіресе, Еуропа мемлекеттерінде президентті тек бір мерзімге сайлайды. Соның арқасында демократия мен еркіндікке, экономикалық жағынан әділ бәсеке орнатып, дамуға қол жеткізді. Біз де осы саяси форматқа көшудеміз. Енді халық болып, қоғам болып, жаңа өзгерістерге бейімделіп, мемлекеттің дамуына бір кісідей үлес қосуымыз тиіс. Әділдік жолына түскен елде әр азамат шыншыл, өзгеге жанашыр бола білмек. Мұндай қоғамның бақытты өмір сүретіні даусыз.Келешектің кірпішін осындай ақылға салу арқылы қабылданған шешімдер қалайды.