22 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі
2018 жылғы 22 желтоқсан 07:00
АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 22 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.
22 желтоқсан. СЕНБІ
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1974 жылы Екібастұз қаласынан солтүстікке қарай 16 шақырым жерде Екібастұз отын-энергетика кешенін салу жобасы бойынша ГРЭС-1 құрылысы басталды.
1980 жылы 500 мегаВатт қуатқа ие алғашқы энергоблок іске қосылды. 1984 жылы сегізінші блоктың іске қосылуымен стансаның жобалық қуаты 4000 мегаВатқа жетті. Соның арқасында жергілікті кеніштерден алынған таскөмірмен жұмыс істейтін Екібастұз ГРЭС-1 әлемнің ең үлкен жылу электр стансаларының біріне айналды.
1992 жылы «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Заң қабылданды.
1998 жылы Ұлттық архив қорының құжаттарын қалыптастыру, сақтау мен пайдалану және Қазақстан Республикасындағы архив ісін мемлекеттік басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңы қабылданды.
1998 жылы отбасы мүддесін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріндегі белсенділігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанында отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.
2000 жылы «Айгөлек» балалар журналының алғашқы саны жарық көрді.
2005 жылы Новосібірде қазақ қарпімен басылған «Ұлы Абайға адалдық» кітабының ілкі данасы Семейге жеткізілді.
Кітаптың баспадан шығуына Абай республикалық қоры жәрдемдесті. «Ұлы Абайға адалдық» кітабында Абай өмір сүрген кезеңнің белгілі оқиғалары мен бүгінгі күнге дейін жарық көрмеген материалдар да қамтылып отыр, яғни Абайдың тікелей ұрпағы — Мінаш Ысқақованың естеліктерін айтуға болады.
2007 жылы Петропавлда Қазақстанның және Якутияның белгілі мемлекет әрі саясат қайраткері Максим Амосовқа ескерткіш тақта орнатылды.
Максим Амосов (1897-1938) Батыс Қазақстан, Қарағанды, солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болды, Қазақстан Компартиясы ОК-де жұмыс істеді. Қазақстан экономикасын дамытуға, босқын қазақтарды Отанына қайтаруға, оларды баспана және жұмыспен қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты. 1938 жылы Қырғызстанда репрессияға ұшырап, атылды. Өлген соң ақталды.
2011 жылы Қарағандыдағы Юрий Гагарин атындағы алаңда ғарышты игергендерге ескерткіш қойылды. Мемориалдың авторлары қарағандылық сәулетші Мұрат Байысбай және астаналық мүсінші Асқар Нартов болды.
Мүсін композициясының жалпы биіктігі 40 метр. Оны тұрғызуға алюминий, тот баспайтын болат, нитротитан, гранит және габра тастар қолданылды.
2015 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейінде «Уақыт сиқыры» көрмесі ашылды. Алғаш рет келушілерге музейдің сағаттар коллекциясы көрсетілді. Көрме экспонаттарының арасында механикалық, кварц, электронды сағаттардың алуан түрі бар. Оның кейбірі ХІХ ғасырда жасалған болса, енді бірі 3000 жылға дейін жұмыс істейді. Көрмеге шығарылған экспонаттардың басым көпшілігін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген дипломатиялық сыйлықтар құрайды.
2015 жылы Астанада Қазақстандағы күрес түрлерінен ең үлкен академиясы «Qazaq Batyry» құрылды.
2016 жылы Антарктидадағы Юнион Глетчер (Union Glasier) базасынан алғашқы қазақстандық шаңғышылар экспедициясы Жер шарының оңтүстік полюсін бетке ала жолға шықты. Атлеттер Юрий Юшин, Ільяс Ғалымбеков және зерттеуші дәрігер Дәулет Шәріповтерден құралған топты қазақстандық саяхатшы Мағжан Сағымбаев басқарды.
2017 жылы Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан жайындағы ашық пікірталастарына қатысты. Онда көптеген елдер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азиядан алғашқы сайланған мемлекет ретінде әрі Орталық Азия өңірі мен Ауғанстанды дамыту, қауіпсіздік мәселелеріне әлем жұртшылығының назарын белсенді аударғаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді.
2017 жылы Македония астанасы Скопьедегі Қасиетті Климент Охридский ұлттық және университет кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Орталық Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеп, қазақ әдебиетін насихаттауға үлес қосу, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты нығайту, халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамыту міндеттерін атқарып келеді.
2017 жылы Қытайдың Тайву қаласында қазақстандық Юлия Галышева могулдан Әлем кубогы кезеңінде алтын медальды жеңіп алды. Ол Гранд-финалда америкалық Джаэлин Кауфтан және канадалық Анди Нодтан басым түсті.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz