22 жасында үздік ойыншы атанған Ұлан Қонысбаев қайда жүр?
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бір кездері қазақ футболындағы аса талантты ойыншылардың бірі саналған Ұлан Қонысбаевты соңғы кездері жанкүйерлер жоғалтып алды. Тараз футболының түлегі қазір қайда жүр?
Осыдан 2 жыл бұрын сол кездегі Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов аяқ астынан Қытаймен жолдастық кездесу ұйымдастырады. Бұл алдын-ала жоспарланбаған ойын. Оған көбісі қарсы болады. Тіпті, Кәсіпқой футбол федерациясының президенті Олжас Абраев қызметінен кетеді, «Қайрат» клубы футболшыларын құрамаға жібермей қояды.
Дегенмен, екі елдің федерациясы жүргізген келіссөз бойынша бұл ойын Қытайды Далянь қаласында өтеді. Құраманы бастап барған Талғат Байсуфинов шәкірттері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Тек өкініштісі, осы ойынның бірінші кезеңінде жартылай қорғаушы Ұлан Қонысбаев өте ауыр жарақат алды. Қытай құрамасының 10-нөмірлі ойыншысы Жэнь Хан арттан оңдырмай теуіп, Ұланның құлауына себепкер болды. Жерлесіміз де допқа талас кезінде жерге сәтсіз қонып оң аяғын морт сындырды. Сол сәтте ұлттық құраманың қызу қанды жігіттері Таңат Нөсербаев пен Дмитрий Шомко жүгіріп келіп, қытай футболшыларының жағасынан ала жөнелді. Әйтеуір төреші мен өзге ойыншылар араласып, төбелесті болдырмай қалды.
Футболшыны бірден жергілікті ауруханалардың біріне апарады. Бірақ Қытайдың дәрігерлері футболшыны емдеуге қауқарсыз болып шықты. Осыдан кейін Қонысбаевты Италияға апарады. Еуропада медициналық тексеруден өткізу кезінде бойынан инфекция табылған.
«Өкінішке қарай, атақты Қытай медицинасы Ұлан Қонысбаевтың толық емдеу курсын жүргізе алмады. Италияға келгеннен кейін біздің ойыншыдан инфекция табылды. Алдағы уақытта Ұлан Қонысбаев үш апта емдеу курсынан өтеді. Кейін сауықтыру курсы белгіленеді. Италиялық мамандар Ұлан бауырымыздың ем-домын толық бақылауға алды. Алла қаласа, енді тек жақсы жаңалықтар күтеміз!», – деп жазған болатын сол кезде ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов фейсбуктегі парақшасында.
Федерация неліктен футболшыны қиын жағдайға қалдырды?
Осы оқыс жағдайдан кейін Ұланның барлық ем-домға кететінін шығынын Қазақстан футбол федерациясы өз мойнына алған болатын. Басында президент Ерлан Қожағапанов солай айтқан. Бірақ кейін басшылық ауысқанда жағдай күрт өзгеріп кеткен. Қожағапановтан кейін бұл ұйымға шамалы уақыт қожайын болған Қаныш Әубәкіровтің кезінде Қонысбаев Италияға емделуге өз ақшасымен барады.
«Сол ойыннан кейін бірден ота жасалды. Далян университетінің емханасында екі апта жаттым. Дәлірек айтсам, Қытайда 2016 жылдың 7 маусымы мен 22 маусымы аралығында болдым. Кейіннен Римнің Villa Stuart емханасына ауыстырылдым. Ол жақта стафилококк деген инфекция тауып, тағы бір ота жасатуға тура келді. Ота 23 маусым күні жасалды. Сөйтіп, Римдегі емханада тамыз айының соңына дейін болдым. Қыркүйек айының басында Қазақстанға оралдым. Ал қыркүйектің соңында қалыпқа келу үшін Римге қайта бардым. Ол кезде барлық шығынды Қазақстан футбол федерациясы көтерген. Желтоқсан айында қалыпқа келу жұмыстарын өткізу үшін Римге екінші рет бару керек едім. Бірақ ҚФФ өкілдері федерацияға жаңа басшы келгенін және емімді ары қарай төлемейтінін айтты. Басшылардың ауысуы маған не қатысы бар. Мен Қожағаппанов немесе Әубәкіров үшін ойнамаймын ғой. Мен отаным үшін ойнаймын» – дейді Қонысбаев KazFootball.kz сайтына берген сұхбатында.
Осыдан кейін Римге ол өз ақшасымен барып емделген. Екінші рет қалыпқа келтіру ем-домын 2016 жылдың желтоқсан айында алады. Одан кейін үшінші рет 2017 жылдың сәуір айында барған. Футболшының айтуынша, Еуропада барлығы қымбат болғандықтан, көп шығындалып қалған. Елде емделейін десең, Қазақстанда спорттық медицина дамымаған. Ал соңғы рет былтырғы жылы 28 қараша Германияның Мюнхен қаласындағы ЕСОМ емханасында ота жасатқан. Бұл жолы тобығына жасаған.
Футболшыны қинайтыны, ақшадан бұрын осы уақыт аралығында ел үшін ойнап, жарақат алған адамның денсаулығын сұрап бірде-бір федерация өкілінің хабарласпауы.
«Тіпті ешкім қоңырау да шалмады. Ақшасы құрып кетсін. Бірақ бір қоңырау шалып, жігерлендіріп қойса болады ғой. Өз ауламда жүріп жарақат алған жоқпын. Оның үстіне кез келген футболшы үшін мұндай ауыр жарақаттан айығу психиологиялық тұрғыдан оңай емес. Жарақат кезінде басымнан өткізген жағдайды жауыма да тілемес едім. Федерация тарапынан мұндай қолдау және медициналық кепілдік болмаса, енді ұлттық құрама үшін ешкім ойнамайды. Өйткені көптеген футболшылар үшін бұл – негізгі табыс көзі. Барлығының да отбасысы бар. Осы уақытқа дейін уағдаласқан жалақыны үнемі төлеп отырған «Астана» клубына алғыс айтым келеді», – дейді Қонысбаев KazFootball.kz сайтына берген сұхбатында.
Осы сұхбаттан кейін ҚФФ-ның сол кездегі баспасөз хатшысы болған Тимур Камашев ойыншының БАҚ-та жарияланған мәлімдемесі кейбір мәселелер бойынша нақтылықты талап етеді деген болатын. Оның сөзінше, федерация Қонысбаевқа 40 миллион теңгеден астам көмек көрсеткен.
«Бұл жерде футболшылардың басты кітабы «ФИФА-ның ойыншылар статусы және ауысуы бойынша регламентіне» жүгінуге тура келеді. Осы регламенттің баптарына сәйкес ойыншы ұлттық құрама үшін ойын кезінде жарақат алса, онда заң бойынша барлық шығынға ұлттық құрама емес, ол ойнайтын футбол клубы жауапты. Ұлан Қонысбаев жарақат алған Қытай -Қазақстан матчы ФИФА-ның ресми белгілеген күнінен тыс кезде өтті. Мұндай жағдайда клуб өз ойыншысын ұлттық құрама сапына жібермеуге құқылы. Алайда егер клуб футболшыны ФИФА бекіткен турнирлік терезеден тыс матчқа жіберетін болса, онда ойыншының жарақатына байланысты барлық шығынды өз мойнына алады. Сондықтан жарақат алып, оны емдеуге және қайта қалыпқа келу жұмыстарына кеткен қаражатқа байланысты барлық шағымды тек футболшы ойнайтын клубқа бағыттау керек. Дегенмен, Қонысбаевқа біздің көмекті ұмытпағаны үшін алғыс айтамыз. ҚФФ бұл көмекті шынайы көңілмен әрі өз еркімен жасады. Тек Ұлан белгісіз себептермен қиын сәтте қолдау көрсеткен федерацияның шығындарын нақты айтпапты. Себебі бұл сомма Қазақстанның футбол тарихында жарақат алған ұлттық құрама ойыншысының еміне кеткен ең қомақты қаражат. Ойыншыға 40 миллион теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді! Бұл ақшаға шетелдік дәрігерлердің қызметімен қатар, Ұланның Қытай медицина орталығынан Италияға ауысуы және шетелде оның қасында болған азаматтарға байланысты шығындар кіреді. Олардың жүріп-тұруы, тамағы және бір елден екінші елге ұшып баруы бәрі қосылған»,– деген болатын Камашев «Zakon.kz» сайтына берген сұхбатында.
Биылғы маусымды «Ақтөбеде» өткізді
Жарақатына байланысты 2 жылға жуық футболдан қол үзіп алған ойыншыны биыл «Ақтөбе» клубы өз қатарына қосты. Клубтың директоры Самат Смақов Ұлан Қонысбаев пен оның досы Жамбыл Көкеевті де командаға шақырған еді. Екеуі де былтырғы жылы футбол ойнамаған. «Ақтөбе» сапындағы алғашқы ойынын бірінші лиганың 12-турында өткізді. «Ақтөбенің» бірінші лигадағы «Ақтөбе-Жас» командасы сапында «Қайрат А-мен» өткен кездесуге қатысты. Бірінші матчында Қонысбаев алаңда 45 минут өнер көрсетті.
Ал премьер-лигада 12 ойынға қатысты. Бірақ бірде-бір матчты толық өткізбеген. Жалпы, алаңда 246 минут ойнаған. Еліміздің бес дүркін чемпиондары 29 жастағы жартылай қорғаушымен маусым соңына дейін келісімшарт жасаған. Қазіргі кезде осы келісімнің уақыты аяқталыпты. Футболшы еңбек демалысында екен. Әріқарай спорттық карьерасын қайда жалғастыратынын білмейтінін айтты.
Ұлан футболдан бұрын шахматпен айналысқан
Енді футболшының өмірбаянынан сыр шертсек. Ұлан Қонысбаев 1989 жылы, 28 мамырда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әкесі Әбүйірбек Ұлан ауданында қызмет істеп жүргенде дүние есігін ашқан баласына осы ауданның атауын береді. Кейіннен бұл отбасы Жамбыл облысына қоныс аударады. Ұлан спорттағы қадамын футболдан емес, шахматтан бастаған. Ағасы Думанмен бірге 32 тасты серік етеді. Тіпті ағайынды Қонысбаевтар шахматтан көптеген облыстық, республикалық турнирлерде жеңістің тәті дәмін талай рет татқан. Бірақ, ағасы Думан республикалық жарыста топ жарып, спорт шебері атағына қол жеткізгеннен соң, қатты науқастанады. Дәрігерлер ағасына шахмат ойнауға тыйым салады. Мұны естіген Ұлан жалғыз өзі үйірмеге барғысы келмей, тастап кетеді.
Ал футболға қызығушылығы үш жолақты елде өткен 1998 жылғы әлем чемпионатын тамашалағаннан кейін басталған. Роналдо, Зидан, Ривалдо бастаған серкелердің ойынын көрген ағайынды қос жігіт Тараздағы футбол мектептерінің біріне жазылады. Әулиеата өзіндік футбол мектебі қалыптасқан, таланттарымен мақтана алатын өлке. Сондықтан жас футболшылардың бақыттарына орай білікті мамандар жолығады. Серік Өмірбеков есімді бапкер арық әрі әлсіз баланы дұрыс жолға бағыттай білді. Ал Малик Кургулин деген бапкер оны Қырғыстанда өткен жарысқа ерте барады. Ала тақиялы көршілеріміздің жерінде өткен додада әдемі ойын көрсеткен Ұлан бірте-бірте жаттықтырушылардың сеніміне ие бола бастайды.
Ата-анасы Ұланға емес, ағасы Думанға көбірек сенім артқан
Ата-анасы негізі Ұланнан емес, Думаннан футболшы шығады деп ойлаған екен. Кіші ұлдарының доп қуалауы уақытша құбылыс деп жорамалдаған. Бірақ, бәрі керсінше болды. Думанға қарағанда Ұлан халыққа тез танылды.
Көзге түсе бастаған жас футболшыны жергілікті «Тараз» командасының бапкерлері фарм-клубқа шақырады. Он алты жасында қосалқы құрамның футболшыларымен бірге өнер көрсетті. Екі жылдан соң, негізгі құраммен бірге жаттыға бастайды. Ол кезде «Тараз» Бірінші лигаға түсіп қалған еді. Дебюттік кездесуін Оралдың «Ақжайығына» қарсы өткізді.Ұлан өзінің алғашқы матчында гол соғып, бапкерлердің сенімін ақтайды. Сол жылғы маусымда жеті гол соқты. Ал келесі жылы «Тараз» Премьер-лигаға оралды. Қапталда өнер көрсететін Қонысбаевты бапкерлер басында бірнеше шепте сынап көрді. Шабуылда, сол қапталдағы қорғаушы, жартылай қорғаушы секілді міндеттердің барлығын атқарып жүрді. Жоғары лигада сол жылдары еліміздегі ең теңдессіз команда «Ақтөбенің» қақпасын гол соғып, жұрттың назарын өзіне аудара бастайды. Бала күнінен өзінің футболдағы үлгі тұтар кумирі Самат Сымақовқа қарсы өнер көрсетіп, әрі кездесуді нәтижелі аяқтағанда оның қуанышында шек болмады…
Осыдан соң, Ұланды жастар құрамасына шақыра бастады. Баласының құрамаға шақырылып, елдің намысын қорғайды дегенді естіген ата-анасы қой сойып, құдайы жасайды. Ырымшыл халықпыз ғой. «Баласы атқа шапса, анасы тақым қысатыны анық. Ұланның әрбір қадамына ең бірінші қуанатында әке-шешесі. Ол кезде жеткіншіктерімізді неміс Бернд Шторк жаттықтыратын. Таңат Нөсербаев, Жамбыл Көкеев, Марат Шахметов, Сабырхан Ыбыраев, Талғат Сабалақов бастаған талантты жастармен бірге ойнады. Алғашқы клубы «Тараз» сапында 2008-2010 жылдар аралығында 82 рет алаңға шығып, 14 голды өз атына жазған.
22 жасында Қазақстанның үздік футболшысы атанды
Ұланның Республикаға танымал болуы Локомотив» сапына ауысымен байланысты. Елорда клубы 2011 жылы 21 жастағы футболшыны 32 жастағы ардагер Роман Похалюкке ауыстырды. Сол жылы ақпанда Беларусь құрамасына қарсы жолдастық кездесуде өзінің ұлттық құрамадағы дебюттік матчын өткізді. Бас бапкер Хольгер Фах Таңат пен Ұланды алаңға алма-кезек шығарып жүрді. Бұған көңілі тола қоймаған Қонысбаев жазғы трансферлік үзіліс кезінде «Шахтердің» ұсынысын қабылдап, Қарағанды командасына ауысады. «Локомотив» басшылары жас футболшыны «кеншілерге» маусым соңына дейін жалға берді. Бұл шешім оның карьерасына оң өзгеріс әкелді. Футболдағы әрі өмірдегі досы Жамбыл Көкеевпен тізе қосып өрнекті ойын өрнегін көрсете білді. Қазақтың қос дарынды футболшысы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде «Коперді» қапы қалдырды.Словенияның командасының қақпасына соғылған үш допта Ұлан мен Жамбылдың еншісінде. Қыркүйекте Қонысбаев Ыстамұлда Түркия құрамасының қақпашысы Волкан Демирелдің осал тұсын тапты.. Осы голдан кейін оның атағы тіптен алысқа тарады..
Ол үшін жақсылыққа толы болған 2011 жыл мұнымен де шектеліп қалмады. Алдымен «Шахтер» өзінің тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанды. Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясы Ұланды «жылдың үздік футболшысы» деп таныды. Бір жылдың ішінде осындай зор құрметтер көрсетілді. 22 жасында Қазақстанның үздік ойыншысы атанған футболшылар некен-саяқ. Бұдан кейінгі карьерасы 2011 жылғыдай болған емес…
Ұлан Қонысбаевтың карьерасы:
2006/2007 – «Жамбыл» 42 ойын, 5 гол
2008/2010 – «Тараз» 82 ойын, 14 гол
2011/2013 – «Астана» 65 ойын, 11 гол
2011/2014 – «Шахтер» (Қарағанды) 40 ойын, 5 гол
2015 – «Астана» 12 ойын
2015 – «Қайрат» (Алматы) 6 ойын
2016 – «Атырау» 13 ойын, 1 гол
2018 – «Ақтөбе» 12 ойын.
Ұлттық құрамада
2008/2010 – Қазақстан (21) 4 ойын
2011/2016 – Қазақстан 32 ойын, 3 гол.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ