21 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

0

2018 жылғы 21 желтоқсан 07:00

АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 21 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.
21 желтоқсан. ЖҰМА


21 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1868 жылы Дала генерал-губернаторлығы құрамында Ақмола облысы құрылды. Орталығы болып Омбы қаласы таңдалды. Облыс құрамына 5 уез — Ақмола, Омбы, Петропавл, Көкшетау, Сарысу кірді.

 

1991 жылы 11 тәуелсіз мемлекеттің басшылары Алматы декларациясын қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылып, жаңа достастықтың тұсауы кесілді, сондай-ақ КСРО-ның таратылғаны жарияланды.

1992 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң қабылдады.

1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Алтын Жұлдыз», «Халық қаһарманы» атағы, ордендер, медальдар, және басқа мемлекеттік сыйлық белгілерінің бейнелері бекітілді. Бұл орденмен тек, қана Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген азаматтар марапатталады. Қазақстан Республикасының Президенті «Алтын қыран» орденінің кавалері атанады. «Халық қаһарманы» атағын алғандарға «Алтын жұлдыз» ерекше белгісі және «Отан» ордені беріледі. «Отан» ордені — Қазақстан Республикасының жоғарғы ордендерінің бірі. «Отан» орденімен мемлекеттік және қоғам қызметтерінде: экономиканы дамытуда, әлеуметтік салада, ғылым мен мәдениетте, құқық қорғау және әскери қызметте, демократия мен әлеуметтік саланы дамытуда ерекше еңбектері үшін марапаталады.

1995 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Израильдегі елшілігі ашылды.

2007 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Құрметті докторы атағы берілді.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тіл жанашыры-2009» байқауының №1 Құрметті белгісімен марапатталды.

Елімізде мемлекеттік тілді дамытуға арналған байқау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тілдерді дамыту комитетінің, «Тіл жанашыры» бірлестігі және «Тіл» журналының ұйымдастыруымен өткен болатын.

2010 жылы «Қазпошта» АҚ 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана және Алматы қалаларында VII қысқы Азиада ойындарының өткізілуіне орай «Спорт» сериясының төрт пошта маркасын айналымға шығарды — «Трамплиннен секіру», «Мәнерлеп сырғанау», «Фристайл» және «VII қысқы Азиада ойындарының эмблемасы».

2010 жылы Абай Құнанбаевтың кітабы неміс тілінде жарық көрді. Кітапқа ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері кірді.

2010 жылы қазақстандық шоу бизнестің танымал қайраткері Қыдырәлі Болманов Патшайым Виктория ордені (The Royal Victorian Order) наградасын алды. Қыдырәлі Болманов — Қазақстан мәдениетінің мұндай құрметке ие болған  бірінші өкілі. Патшайым Викторияның халықаралық наградасының медалі мен алқасы 999,9 сынамалы алтын жалатылған бағалы металдардан жасалған.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі «Таңбалы петроглифтері» ескерткіш күміс шақаларын айналымға шығарды.

2012 жылы сақ кезеңі археологиялық қазбалары негізінде «Қанатты барыс туралы аңыз» мультфильмі түсірілді.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев I дәрежелі Сергий Радонежский орденімен марапатталды. Қазақстан Президенті Орыс православ шіркеуіне конфессияаралық келісімдерді нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

2017 жылы Индонезияда ментальді арифметиканың UCMAS (Universal Concept of Mental Arithmetic System) бағдарламасының түлегі, 12 жастағы қазақстандық «калькулятор бала» Ілияс Тоқтархан UCMAS академиясының ментальді арифметикадан 18-ші Интернационалдық жарыста Гран-при иеленді.

2017 жылы Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласына үздік дизайнерлік шешімдер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауда Гран-при жүлдесін жеңіп алған павлодарлық Денис Романовқа 2 миллион теңге табысталды. Ал жүлделі бірінші орынды жеңіп алған Назарбаев Университетінің студенті Мадина Мұқановаға «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров 1,5 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Екінші орынды (1 миллион теңге) Павлодар қаласынан келген Рустам Саримов ұтып алса, үшінші орын Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Сәуле Жиенқұловаға (500 мың теңге) бұйырды.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz