21 мың теңге алған әйелдер жылап отыр 

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Жәрдемақы алған көпбалалы аналар ақшасын қайтармаса, сотқа беріледі

НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек – Sputnik. Ақмола облысындағы бірнеше ауылда атаулы әлеуметтік көмек ретінде үкіметтен жәрдемақы алған көпбалалы аналардың ақшасын қайтарып алғалы жатыр.

Қыруар қаржыны бір мезетте төлемесе, шенеуніктер көпбалалы отбасыларды тіпті сотқа бермек. Сөйтіп, әр балаға 21 мың теңгеден алып «жыртығымызды жамадық» деген әйелдердің басына қара бұлт үйіріліп отыр, деп хабарлады КТК.

Уәзира Баймұқанова төрт балаға айына 89 мың теңге жәрдемақы алып қаннен-қаперсіз жүргенде, әкімдіктен ескерту қағаз келеді. Сөйтсе, келіншектің табысы атаулы әлеуметтік көмектің талабына сай емес. Өйткені қаңтарда күйеуі жұмыстан шығып, 62 мың теңге өтемақы алады. Сол кіріс отбасындағы адам басына шаққандағы 20789 теңгеден асып кеткен. Енді төрт айда алған 357 мың 884 теңге жәрдемақыны үкіметке қайтаруы тиіс.

«АСП деген басымызға пәле болды, шынымды айтсам. Кезінде заңды шығарған өздері, құжат жинаған өздері. Енді құжат жинағандар «кінәлі емеспіз» дейді.  Бермесе, соның артынан қумаушы едім», — дейді Қоянды ауылының тұрғыны Уәзира Баймұқанова.

Аудан бойынша тағы 7 адам үкіметке берешек болып шыққан. Әйелдер сәуірден бастап жәрдемақы алған. Тек тамыздың басында «табысыңыз көрсеткіштен артық, ақшаны қайтарыңыз» деген бір бет қағаз келеді. Жәрдемақыны қажетіне жаратып жіберген келіншектер енді оны өтей алмасақ, «істі боламыз» деп жылап отыр.

«Жаңа бізге балаларға кесірі тиеді деп айтты. Ертең оқуға түссе, «шешесі сотталған» деп шығады дейді. Енді не істейтінімді білмеймін. 600 мыңды қалай төлейтінімді білмеймін», — деп ашынды Қараөткел ауылының тұрғыны Ботагөз Десупова.

Ал даудың басы сәуірде іске қосылған жаңа базадан дейді жауаптылар. Өйткені көпбалалы аналардың қаңтар, ақпан, наурыз айларындағы кірісі дұрыс есептелмеген.

«Сәуір айыннан бастап, «Ехалық» деген базаны енгізді.Одан кейін еңбек нарығы деген база бар. Сәуірде база дұрыс істемеген. ИП-сы барларды да көрмегенбіз. Бұл қателік кімнен кетті, ол жағын айта алмаймыз», — деп түсіндірді Целиноград аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Динара Омарова.

Осылайша бар қатені жаңа базасына жапқан жауаптылар көп балалы аналарға ақшаны қалайда қайтару керектігін айтады. Әйтпесе, істі сотқа жібермек.

 Алайда мамандардың айтуынша, кейбір әйелдер қайтадан атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсыра алады. Дегенмен олар жаңа тізімге ілігіп, жәрдемақы ала ала ма, оны комиссия шешеді.



sputniknews.kz