2027 жылға қарай әйелдер 63 жастан зейнеткерлікке шығады
Зейнеткерлік жасты бірегейлендіру — әйелдерді зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейін көтеруге бағытталған шаралардың бірі.
Қазақстанда 2015 жылы зейнетақы заңнамасы өзгертілгеннен кейін, 2018 жылдан бастап кезең-кезеңмен әр 6 ай сайын әйелдердің зейнеткерлік жасы көтеріліп жатыр. 2027 қарай олардың зейнтекерлікке шығу жасы ерлердің зейнеткерлік жасымен теңесіп, 63 жасты құрайтын болады. 2018 жылы бірінші кезеңде әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 2017 жылмен салыстырғанда 6 айға ұзартылып, 58,5 жасты құрады. Ерлер үшін зейнеткерлікке шығу жасы бұрынғысынша 63 жас болып қалды.
Сәйкесінше, 1960 жылдың бірінші жартысында туған әйелдер, 2018 жылдың екінші жартысында зейнеткерлікке шықты. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйел азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасы тағы 6 айға ұзарып, 59 жасты құрады. Ағымдағы жылы 1960 жылдың екінші жартысында туған әйелдер зейнеткерлікке шығады.
Мұнымен қатар 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы белгілеудің жаңа әдістемесі енгізіліп отыр. Жаңа жүйе бойынша оның мөлшері еңбек өтіліне қарай өзгеретін болады. Жұмыс тәжірибесі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін және одан кейін де жинақталған өтілі есепке алынады. Сондай-ақ, зейнетақы жүйесіндегі өтілі, базалық зейнетақыны есептеуде есепке алынады. Оған 3 жасқа дейін бала күтімімен отырған кезең, (жалпы алғанда 12 жылға дейін), мүгедек-баланы бағып-қағу, әскери қызметтегі жұбайлардың бірге тұруы (мерзімді әскери қызметтегілерден басқа), олардың жұмысқа тұру мүмкіндігі болмаған, жергілікті жердегі арнайы мемлекеттік қызметкерлердің (жалпы алғанда 10 жылдан аспауы керек) және т.б.
Сондай-ақ, 2014 жылдан бастап жұмыс істеп жүрген 1 жасқа дейін бала күтімімен демалыста отырған әйелдерге республикалық бюджеттен 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялау енгізілді. 2020 жылдан бастап шартты-жинақтаушы компонент енгізіледі. Ол зейнетақы жинағының көлемін 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасы есебінен өсіруге бағытталған. Оны жұмыс беруші жұмысшыларының пайдасына өз қаражатынан төлейді. Мұның бәрі әйел азаматтарға зейнетақы жинағының көлемін және еңбек өтілімін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл базалық зейнетақыны белгілеуде есепке алынады.
Осылайша әйелдердің ерте зейнеткерлікке шығуы барысында барлық қолданыстағы жеңілдіктер сақталады: Біріншіден, бес бала туған және 20 жыл еңбек өтілі бар әйелдер 53 жасында зейнеткерлікке шығуға құқылы; Екіншіден, төтенше және радиациялық тәуекелі бар аймақтарда және Семей ядролық сынақ полигонында 5 жылдан аз емес уақыт тұрғандар 45 жасында зейнеткерлікке (20 жыл еңбек өтілі болуы керек) шығады; Үшіншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар үшін зейнетақы ануитетін иеленуі жағдайында зейнетақы жинақтары жеткіліктілер 2019 жылы 51 жастан зейнеркерлікке ерте шыға алады;
Дереккөз: ҚазАқпарат