2025 жылы қазақстандықтардың зейнетақысы қанша пайызға өсті
Қазақстанда бүгіннен бастап базалық зейнетақы 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға өсті. Қазақстандықтардың зейнетақы мөлшеріндегі өзгерістері туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқи аласыздар.
2025 — 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрін Ұлттық Банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақыны — 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып арттыру көзделген. Оған қоса мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғарысын — 120%-ына дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру көзделді.
Оған сәйкес бүгіннен бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылып, нәтижесінде 32 360 теңгені құрады. Ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 105-тен 110%-ына дейін арттырылып, 50 851 теңгеге жетті. Мәселен, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады.
Оның ішінде базалық зейнетақы төлем — 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы — 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы — 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы — 120 737 теңгені құрайды. Айта кету керек, талған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейді. Сонымен 2025 жылы зейнет жасы өзгермейді. Ерлер — 63 жас, әйелдер — 61 жас болып қалады.