2025 жылдың соңына дейін Кербұлақтан Талдықорғанға дейін барлық елді мекендер газбен қамтылады

0

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін Кербұлақтан Талдықорғанға дейін барлық елді мекендер газбен қамтылады.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріне жұмыс сапары барысында өңірдің су мен газ мәселесіне ерекше назар аударған болатын. 2025 жылдың соңына дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі барлық елді мекендер, ал 2028 жылға дейін Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету тапсырылды. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде өңірді газдандыру 100% немесе 192 елді мекенге дейін жетеді. Бүгінгі күні бұл жұмыс қолға алынып, тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Осы және облыс тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету, сумен жабдықтау мәселелері жайында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте баяндады.

«Өңірде газ беру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бүгінгі күннің өзінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Көксу ауданының Мұқры, Бесқайнар, Амангелді ауылдары, Ескелді ауданының Оркусак ауылы, Талдықорған қаласының Пригородное шағын ауданы, 3 бөлімшесінің тұрғындары, жалпы есеппен 6 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді.

Қазіргі уақытта Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Қаратал аудандарын толық газдандыру үшін 43 елді мекен бойынша жобалау-іздестіру жұмыстарына есеп жасалып, қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім берілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылға дейін жүзеге асырылады. Ал, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының елді мекендерін газдандыру үшін «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» газ тасымалдау стансасы мен «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы» жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде», — дейді Ернат Дүйсенбекұлы.

«Жылыту маусымына келсек, бұл бағыттағы жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде. Бүгінгі күні қоймалар мен тұйықтарда 14,4 мың тонна көмір қоры бар. Көмір жеткізу біздің тарапымыздан тұрақты бақылауда, тәулігіне орта есеппен 27 вагон келіп түсуде. Бағасына келсек, бір тонна көмірдің құны 14 800 – 15 500 теңгені құрайды» — дейді спикер.

Өңір тұрғындарының тағы бір өзекті мәселесінің бірі – су. Бүгінгі күні облыстың 90,2% елді мекені орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы облыстың барлық елді мекендерін 100 пайыз ауыз сумен қамту жоспарланған.

Биыл «Текелі қаласында қолданыстағы ұңғымалардан сумен жабдықтау инженерлік желілерінің құрылысын жүргізу» жобасы іске асырылуда. Жобаға 2022 жылға жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді.