2023 жылдан бастап мектептерде тек қазақша оқытылатыны рас па?

0

StopFake.kz редакциясына жүгінген оқырман 2023 жылдан бастап Қазақстанда орыс тіліне толық тыйым салынатыны және еліміздегі барлық мектептер тек қазақ тіліне көшетіні туралы жазылған мақаланы тексеруді сұрады.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

Біз жолдаған сауал бойынша ҚР Ғылым және білім министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, қазіргі кезде елімізде 6957 мемлекеттік мектептің 3733 – і (53,6%) тек қазақ тілінде, 1160 (16,6%) мектеп орыс тілінде, 2047 (29,4%) мектеп қазақ және орыс тілдерінде білім береді.

Бұл ретте еліміздегі барлық мектептерді қазақ тіліне толық көшіру жоспарда жоқ.

Орыс тілі оқу пәні ретінде барлық мектептерде, оның ішінде білім беру процесі мемлекеттік тілде өтетін мектептерде 1-ден 11-сыныпқа дейін оқытылады.

Сондай-ақ, мақалада түлектердің тек 51% – ы ғана ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақ тілінде тапсыруды жөн көретіндігі айтылған.
Алайда, бұл мәлімдеме ресми деректерге қайшы келеді. 2020 жылы ҰБТ–ны қазақ тілінде мектеп түлектерінің 75,1% – ы, орыс тілінде-24,8% – ы, ағылшын тілінде-0,1% – ы тапсырды.
Қазақстанда басқа да этностардың тілдерін дамыту белсенді қолдау табуда. Бұған мысал ретінде ұйғыр, өзбек және тәжік ұлттық тілдеріндегі мемлекеттік мектептерді атап өтуге болады.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда орыс тіліне толық тыйым салу туралы қауесет негізсіз, ал мақалада ұсынылған фактілер бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейді.