2022 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бюджеттен 361 млрд теңге бөлінбек

0

  Елімізде 2022 жылы дәрігерлердің жалақысын көтеруге бюджеттен 361 миллиард теңге қаржы бөлінеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзінше, бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында белгіленген тапсырма аясында жүзеге асырылмақ. «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған жолдауын жүзеге асыру аясында 2020-2025 жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған», — дейді ол.

Вице-премьер ұсынған деректерге сүйенсек, биыл 1 қаңтардан бастап  247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өскен. Соның ішінде, дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға (246,1 мыңнан 319,9 мың теңгеге), орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға (144,6 мыңнан 173,5 мың теңгеге) артып отыр.

Осы орайда Тоғжанов 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысын орташа жалақыға қатысты 2,5 есеге дейін ұлғайту жоспарланғанын жеткізді. Бұған бюджеттен 2021 жылға – 222,3 млрд теңге, 2022 жылға – 361,7 млрд теңге, 2023 жылы 557,4 млрд теңге көзделген.