2021 жылы өмірден өткен нар тұлғалар

0
378

2021 жылы өмірден өткен нар тұлғаларды еске аламыз…

Ескендір Хасанғалиев

Қазақ КСР-нің халық артісі, әншi, композитор Ескендір Хасанғалиев коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы спорт және мәдениет вице-министрі Нұрқиса Дауешов facebook парақшасында жазды.

«Ардақты ағамыз, асыл ағамыз, әйгілі композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан КСР халық артисі Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиев өмірден озыпты.

Марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Иманы саламат болсын…» – деп жазды ол.

Ескендір Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қалдығайты округі Батпақкөл мекенінде дүниеге келген.

Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaльды-хорлық фaкультетiн Е. Виногрaдов пен Н.Шaриповaның клaсы бойыншa курсты бітірген.

Әль-Фaрaби aтындaғы Шымкент мәдениет институтын тәмамдаған.

Хaсaнғaлиевтiң «Әдемi», «Aсыл aрмaн», «Өмiрiмнiң жaзы», «Aтaмекен» әндерiн тек Қaзaқстaн тыңдaрмaндaры емес, шетелдерде де ықылaспен қaбылдaйды.

Нұртілеу Иманғалиұлы

17 ақпанда таңертең 70 жасқа қараған шағында Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. Бұл мәліметті «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жариялады.

Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» бағдарламалары арқылы ел есінде сақталды.

Н.Иманғалиұлы 2006-2007 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы, одан кейінгі жылдары «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Соңында ізбасар шәкірттер тәрбиеледі.

Есенғали Раушанов

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов қайтыс болды. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жеткізді.

«Алла алдынан жарылқасын. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі», — деп жазды ол.

Есенғали Әбдіжаппарұлы 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда Хожелы қаласында дүниеге келген. 1976-1980 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылында жарық көрді. Кейін ұлт бостандығы, туған дала тарихы туралы жазылған.

«Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1988), «Ғайша бибі» (1991, «Aлаш» сыйлығын алды), «Қара бауыр қасқалдақ» (1995) атты жыр кітаптары жарық көрген. Көптеген өлеңі, поэмалары орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.

Қабдеш Жұмаділов

Қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасында дүниеден озды.

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Ауылда бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын бітіреді.

1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958-1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады.

1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шығады. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965-1967), «Жазушы» баспасында (1967-1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976-1981) жауапты қызметтер атқарды. 1981 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста болған.

«Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1968 жылы, «Көкейкесті» романы 1969 жылы жарық көрді. Романдарының дені тарихи тақырыпқа арналған. Оның екі кітаптан тұратын «Соңғы көш» (1974-1981), «Атамекен» (1985), «Тағдыр» (1988) романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. «Соңғы көш» дилогиясына 1983 жылы М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Тағдыр» романына 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілген.

Сатыбалды Нарымбетов

8 шілдеде таңертең режиссер, сценарист, жазушы Сатыбалды Нарымбетов қайтыс болды. Ол 75 жаста болған.

Бұған дейін әріптестері режиссердің ауыр сырқаттанып, ауруханада жатқанын хабарлаған болатын.

Сатыбалды Нарымбетов Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Кентау маңындағы Ащысай ауылында 1946 жылы 8 наурызда дүниеге келген. Мәскеуде кинематография саласында білім алған.

Сатыбалды Нарымбетов – «Созақтан шыққан Гамлет», «Қыз жылаған», «Мұстафа Шоқай», «Аманат» фильмдерінің авторы. Ол фильмдерінде Қазақстан тарихындағы советтік қуғын-сүргін мен сол заман адамдарының образын бейнелеген.

Шөмішбай Сариев

Ақын Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш стансасында дүниеге келген. Қамбаш орта мектебін бітірісімен, Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде қызмет атқарған. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1970–1974 жылдары «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болған. 1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монография жазған.

Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. 1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ боп басылған. Фр.Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (2003). «Тарлан» сыйлығының иегері (2004). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Амангелді Сейітхан

Белгілі журналист, спорт комментаторы Амангелді Сейітхан қайтыс болды. Қаралы хабарды әріптесі Жандос Айтбай растады.

«Ол кісі ауруханада көп жатқан жоқ. Кеше жансақтау бөліміне түсті. Бүгін айырылып қалдық. Соңғы күнге дейін жасырып, жаны қиналып жатса да ешкімге білдірмеді», — деді журналист Жандос Айтбай.

Амангелді Муатқанұлы 1969 жылы 11 мамыр күні ШҚО Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде істеп, 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болды. Осы орайда ол арнадағы спорт бөліміндегі бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды. Осындан соң «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды.

Ал 1997 жылы «Хабар» арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді.

Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.

Амангелді Сейітхан 2000 жылы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Фархат Әбдірайымов

Грузияда түсірілім барысында Қазақстан актері Фархат Әбдірайымов қайтыс болды. Бұл ақпаратты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі растады.

«Өкінішке орай рас ақпарат. Ол Грузияда түсірілімде болған еді. Өлім себебі – инфаркт», — деп хабарлады кейіннен «Қазақфильм» АҚ-дан.

Фархат Әбдірайымов 1966 жылы 21 қаңтарда Алматы қаласында туған. Алматы технологиялық университетін инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген. 1999 жылдан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның актері болған еді.

Ол «Шанхай», «Ақсуат», «Омпа», «Махаббат тәлкегі», «Сиқыршы демеуші», «Жел адам», «Француз құрбақасынан әзірленген борщ», «Шекара», «Жан жүрегім — Астана», «Параллель әлем», «Гейзер», «Үш лимон», «Батыр», «Ең сұлу» сынды фильмдерге түскен.

(Мәліметтер ашық дереккөздерден алынды)