2021 жылы несиесін төлей алмай жүрген қазақстандықтарға көмек көрсетіледі

0
17809
Сурет: https://tumba.kz/

Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен қаржы нарығын реттеу төрағасы Мәдина Әбілқасымованың кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы мемлекет басшысына қаржы нарығының былтырғы даму қорытындылары және агенттіктің биылғы жұмысының негізгі басымдықтары туралы баяндады, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың борыштық жүктемесін азайту жөніндегі реттеу шаралары қабылданды. Соның арқасында тұтынушылық кредиттің өсуі азайды. Биыл қарыз алушы жеке тұлғаларды оңалту және кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін реттеу тетіктері енгізіледі, қарызын қайтармайтын адамдарға қатысты реттеу қызметінің сотқа дейінгі тәртібі күшейтіледі.

2020 жылдың қорытындысы бойынша экономиканы кредиттеу 5,5 пайызға ұлғайып, 14,6 триллион теңгеге жеткен. Дағдарысқа қарамастан, шағын және орта бизнеске берілетін кредиттер, оның ішінде бизнеске қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламаларын кеңейту арқылы 7,1 пайызға, яғни 4,2 триллион теңгеге дейін өсті. Президенттің тапсырмасы бойынша экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің барлық кредитін жылына 6 пайызға дейін субсидиялау тетігі іске асырылды.

Мәдина Әбілқасымова биылғы 1 қаңтардан бастап барлық микроқаржылық ұйымның, оның ішінде, ломбардтар мен онлайн-кредиттеу компанияларының қызметін лицензиялау енгізілгені туралы хабарлады. Бұл олардың есеп беруін, ашықтығын және жауапкершілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру, ал банктерге брокерлік қызметтердің толық спектрі бойынша қызмет көрсету мүмкіндігі берілді. Бұл өз кезегінде халықтың инвестициялық мүмкіндігін арттырады. Сақтандыру және қор нарығын одан әрі дамыту мақсатында кешенді заң жобасы әзірленді. Қасым-Жомарт Тоқаев банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән берді.

Агенттік төрағасы жекелеген банктердің жұмысын қайта жандандыру жөнінде қабылданған шаралар және AQR нәтижелері бойынша қадағалау жоспарларын іске асыру туралы айтты. 2020 жылы банк жүйесі бойынша борышкерлік деңгей 8,1 пайыздан 6,8 пайызға дейін төмендеді. Тәуекелге бағдарланған қадағалау аясында 2021 жылдан бастап банк секторы активтерінің сапасын бағалау (AQR) және стресс-тесттен өткізу қадағалау процесінің ажырамас бөлігі болады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, қаржы нарығының барлық секторында тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін енгізуді, қаржылық қызмет көрсету барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, сондай-ақ, қор нарығын дамытуды міндеттеді. Мемлекет басшысы дағдарыс салдарын еңсеру үшін экономиканы кредиттеудің маңыздылығына назар аударды.