2021 жылы грантты өтеуге қатысты заң талаптары жеңілдетілді

0

Биылғы жылдан бастап жоғары оқу орнында грант арқылы білім алған түлектердің грантты өтеуіне қатысты заң талаптары жеңілдетілді. Бұл туралы Білім және ғылым минситрлігінің баспасөз қызметі ресми Telegram-каналында хабарлады.

Мемлекеттік грант арқылы білім беруге қатысты өзгерістер «Білім туралы» Заңға 2016 жылы енгізілген болатын. Оған сәйкес, грант бойынша оқыған студенттер оқуын аяқтаған соң мамандығы бойынша мемлекеттік мекемелерде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттелген еді. Аталмыш норма 2017-2018 академиялық жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс есебінен жоғары оқу орындарына түскен барлық студентке қатысты қолданылып келеді.

«Егер студент жоғары оқу орнына грант бойынша 2017 жылы түсіп, 2020-2021 академиялық жылы оқуын аяқтаса, ол грантты бұрын қабылданған заңға сәйкес өтейді. Сондықтан бұл ретте айтарлықтай жаңашылдық жоқ», – дейді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев. 

Ал 2021 жылдың басында грантты өтеуге қатысты заң талаптары жеңілдетілген. Енді жоғары оқу орнында грант арқылы білім алған түлектер грантты мамандық бойынша бұрынғыдай тек мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, жекеменшік мекемелерде де өтей алу құқығына ие болып отыр.

Сонымен қатар жұмыспен өтеу мерзімі грант бойынша 4 жыл бойы оқымай, тек белгілі бір уақыт аралығында ғана оқығандардардың пайдасына қарай қайта қаралған.

Мәселен, студент жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсіп, біраз уақыттан кейін жақсы үлгерімі үшін мемлекеттік білім грантын иеленуі немесе керісінше, грантта оқып жүріп, ақылы бөлімге ауысса, онда қанша жыл грант арқылы оқыса, грантты дәл сол мерзімге сәйкес өтейді.