2021 жылдың қаңтарынан бастап білім саласын басқару жүйесі өзгереді
2021 жылдың қаңтардан бастап білім саласын басқару жүйесі өзгереді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты.
«Өздеріңізге белгілі, 2021 жылдың қаңтардан бастап білім саласын басқару жүйесі өзгеретін болады. Аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін басқару қызметі облыстық басқармаларға беріледі. Ол үшін «Бюджет» кодексіне, «Білім туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңдарға 27 өзгеріс енгізілді.
Заңға сәйкес білім бөлімдерінің мәртебесі сақталады. Бірақ, олар білім басқармаларына қарасты болады және оған есеп береді. Көп жағдайда білім сапасы оның менеджментіне, қаржыландырылуына жұмылдырылған барлық процестердің тиімді өзара іс-қимылына байланысты.
Аудандық, қалалық және облыстық білім басқармалары өзара іс-қимылының бүгінгі процесі қоғам тарапынан әділ сынға ұшырап отыр», — деді Бибігүл Асылова ведомствоның аппарат жиналысында.
Оның атап өтуінше, 2019 жылы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша нормативтік институционалды және ұйымдастыру шараларын қабылдады.
«Келесі жылдың басынан бастап қалалық және аудандық білім бөлімдерін қаржыландыруды басқару облыстық деңгейге көшеді. Бұл шаралар облыстық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың жергілікті жерлердегі білім беру ұйымдарының проблемалы мәселелеріне қарым-қатынасын айтарлықтай өзгертеді», — деді ол.
inform.kz