2020 жылы әлемге жаңа теxнологиялар Олимпиадасын көрсетеміз – Жапония премьер-министрі
Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев 200-ден аса елдегі ұлттық олимпиадалық комитет басшыларының, әлемдегі спорттық ұйым көшбасшылары мен халықаралық спорт федерациясы президенттерінің жиынына қатысты.
Спорттық форумға жалпы есебі 1400-ден аса адам қатысады. Бұл форум тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ұлттық Олимпиадалық комитеттер Қауымдастығының Бас Ассамблеясы бүгін Жапонияның Токио қаласында өз жұмысын бастады.
Айта кетелік, Қазақстан ҰОК басшысы ҰОКҚ халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының мүшесі. Аталған жиынға Қазақстан ҰОК бас хатшысы, ҰОКҚ қаржы және аудит жөніндегі комиссиясының мүшесі Данияр Абулгазин мен Қазақстан ҰОК вице-президенті, ҰОКҚ медициналық комиссиясының мүшесі Андрей Крюков та қатысуда.
Кең көлемде өтіп жатқан ҰОКҚ Бас Ассамблеясының XXIII жиыны 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын қорытындылауға және 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына дайындық барысын талқылауға арналған.
Басқосу барысында Пхечхан-2018 қысқы Олимпиада ойындары мен Буэнос-Айрес-2018 жасөспірімдер жазғы Олимпиадасын ұйымдастыру комитеттерінің қорытынды есебі тыңдалды.
Сондай-ақ, 2020 жылы Лозаннада өтетін жасөспірімдердің қысқы Олимпиадсы мен Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының, 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиаданың ұйымдастыру комитеттері дайындық барысында өтіп жатқан іс-шаралар жөнінде есеп берді.
Токио – 2020 ұйымдастыру комитеті сынақтық жарыстарды қабылдауға дайын олимпиадалық нысандардың таныстырылымын өткізеді. Одан бөлек, Бас Ассамблея отырысында 2024 жылы Парижде және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеттері де өз дайындықтарын паш етеді.
«Жыл сайын ірі масштабта өтетін мұндай басқосулар әлемдегі әріптестеріңді кездестіріп қана қоймай, мемлекеттер арасындағы халықаралық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ, олимпиадалық қозғалыс мүшелерінің бірлескен еңбегінің жемісін көруге мүмкіндік береді. Жыл сайын мұндай кездесулердің күн тәртібінде қаралатын мәселелердің маңызы арта түсуде, ҰОК-тер үшін маңызды саналатын мәселелерді талқылауға уақыт бөлінеді. Ең бастысы – олимпиадалық қоғамдастықты дамытуға қатысты сұрақтар жауабын табады. Аталған форум елдер арасында диалог қалыптастырып, халықаралық спорттық ұйым көшбасшыларымен мәмілеге келуге септігін тигізеді. Бұл әлем спортындағы өзгерістер кезінде біз үшін өте маңызды», — деді Тимур Құлыбаев.
ҰОКҚ Бас Ассамблеясын Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ ашты.
«Токио-2020 Олимпиадасына дайындық қызу жүріп жатыр. Біз 1964 жылы Ооимпиада ойындарын өткізген едік. Сол кезде қыруар жұмыстар атқарылып, жаңа спорт нысандары мен темір жол салынған еді. 2020 жылы әлемге жаңа теxнологиялар Олимпиадасын көрсетеміз», – деді ол.
ҰОКҚ Бас Ассамблеясында сөз алған Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті доктор Томас Баx 206 елдің олимпиадалық комиттеріне жиынға қатысып жатқандары үшін және олимпиадалық қозғалысқа қосып жатқан үлестері үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар Баx мырза алдағы Токио-2020 Олимпиада ойындарының тынғылықты дайындығын да атап өтті.
Бас Ассамблеяның алғашқы күніндегі жоспарға сәйкес ҰОКҚ және құрлықтық қауымдастық басшылары өз баяндамасын жасады. Бас Ассамблеяның жұмысы екі күнге созылады. Іс-шара барысында ҰОКҚ Жүлдесі бесінші рет өтеді деп жоспарланған. Бұл жүлде Пхенчхан Олимпиадасындағы спортшыларға жетістігі үшін беріледі.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ