2020 жылғы мерейтойлар, атаулы күндер

0

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби. Шығыстың Аристотелі 870 жылы Отырарда әскери қолбасшының отбасында дүниеге келді. Отырарды арабтар Бараба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған деседі. Ұлы ойшыл Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Мысыр, Бағдат шаһарларында білім алды.

Астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 150-ге жуық трактат жазған. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ғалым. Өкінішке қарай, еңбектерінің көбісі жоғалып, бізге тек 40 шақты еңбегі ғана жетті. Тарихи деректер бойынша 70-ке тарта тіл білген. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады.

Әл-Фарабидің көпке әйгілі еңбектерінің бірі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» («Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы»).

Тағы оқыңыз: Ғалым Әл-Фарабидің ұлты «қазақ» дейтіндерге жауап берді

Философ: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қаласы бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ», – деген гуманистік ойын ұсынып, оның жүзеге асуын аңсайды.

2020 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында тойланады.

Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығы

Түркі әлемінің ұлы ойшылы Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн 1020 жылы ортағасырлық Баласағұн қаласында дүниеге келді. Ғалымның өміріне қатысты мәліметтер аз сақталған. Алғашында Баласағұнда, кейін Қашқарда білім алды. Философия, математика, медицина, астрономия, астрология, әдебиет, тіл білімі және тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан.

Жүсіп Баласағұнның есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастаны арқылы қалды. «Құтты білік» – түркі тектес халықтардың ортақ қазынасы, көне түркі тілінде жазылған. Баласағұн дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, қоғамның тағы басқа мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керек екенін жеке-жеке баяндап шығады. Ол бұл еңбегін Қарахан мемлекетінің сол кездегі билеушісі Табғаш Қара Арслан Боғраханға тарту еткен. Осыдан кейін билеуші Жүсіпке «хас хажип», яғни, «бас уәзір» деген атақ берген екен.

Қазтуған жырау Сүйінішұлының 600 жылдығы

Қазтуған Сүйінішұлы 1420 жылы қазіргі Астрахан облысы Красный Яр қаласының маңында дүниеге келген. Халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен.

Тағы оқыңыз: Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер

Қазақтың XV ғасырдағы айтулы жорық жырауы. Әскербасы, батыр болған. Еділдің Ақтума, Бозан бойларын қоныс еткен. XV ғасырдың орта шенінде іргесі жаңадан қаланған Қазақ хандығына көшкен.

Абыл Тарақұлының 200 жылдығы

Қазақ күйшісі 1820 жылы өмірге келген. Бала кезінде еркелетіп Абыл атанып кеткен күйшінің азан шақырып қойған аты – Абылай. Маңғыстау домбырашылық мектебінің негізін салушы.

Жастайынан ән мен күйге жақын болған, Боғда, Қошқар сынды күйшілерді өзіне ұстаз тұтқан. Олардың күйлерін үйреніп қана қоймай, бертін келе өзі де күй шығарып, орындаушылық-күйшілік өнерімен танылған. Абылдың «Абыл», «Ақжелең», «Нар ату», «Ақсақ құлан», «Кеңес», «Аранжанның шалқымасы» атты күйлері сақталған.

Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығы

Қазақ күйшісі, күй өнеріндегі лирикалық бағыттың негізін салушы. 1820 жылы Орал облысының Орда ауданында ауқатты отбасында дүниеге келген. Бала кезінде молдадан оқып, мұсылманша хат таныған. Орысша үйреніп, оқи да, жаза да алатын болған. Дәулеткерей орыс және Еуропа музыкасымен жастайынан танысқан деген жорамал бар. Ол орыстың балалайкасында шебер ойнапты. Сондай-ақ, гитара мен мандолинаны да тарта білген.

Дәулеткерейдің өміріндегі елеулі оқиғаның бірі – күйші Құрманғазымен кездесуі.

Алғашқы шығармаларының бірі Ақбала деген сұлу әрі өнерлі қызға арнаған «Ақжелең» күйі. «Қоңыр», «Желдірме», «Керілме», «Ысқырма», «Қосішек» атты күйлері тұрмыс-тіршіліктегі көріністерді бейнелейді. Орыс музыкасының әсерімен «Ващенко», «Топан», 1871 жылы досы Бабажановтың қазасына арнап  «Салық өлген» атты жоқтау күйін шығарды. «Бұлбұл» күйі де осы кезеңде туды.

Күйші 1887 жылы мамырда өмірден озды.

Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдығы

Ақын 1820 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы Шіркейлі ауылында туған. Жастайынан ақындық, әншілігімен аты шыққан. Айтысқа да қатысқан. Оның Ұлбикемен айтысы ( шамамен 1840 жыл) қыз бен жігіт айтысының жұмбақ аралас келетін көне түріне жатады. Өз ғұмыр кешкен тұстағы атамекеннен ауа көшкен ел мұңын жырлап айтқан «Қарқаралы, қазылық», қалмақтардың шапқыншылығына арналған «Абылай ханның қалмақты аударғанына айтқаны» атты өлең-толғаулары бар.

Тағы оқыңыз: «Шошитын еді»: Ұлы Абайдың ұрпағы елордада қалай тұрып жатқанын айтты

Ақын 1858 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында қайтыс болды.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы

Қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыс тауында дүниеге келді. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Құнанбайдың төрт әйелінің бірі, екінші әйелі Ұлжаннан туған. Әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, сосын Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқып білім алады. Бала жасынан кітапқа құмар болды, араб-парсы және көне түркі әдебиетінің үлгілерімен танысты.

Абай өлең жазуды он жасында бастаған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — 1882 жылы жазылған «Қансонарда». Қырықтың қырқасына келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ден қойып, сөз өнерінің халыққа тигізер ықпалын түсінеді. Өз өлеңдерінде арсыздық пен надандықты, мақтаншақтық пен еріншектікті, өсек пен өтірікті сынап, ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, ғылым-білімге шақырады. Ал ақынның қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Ұлы Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа тілдерге аударылды.

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтеді. Атаулы датаға орай «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ақынның 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланған.

Мұхамедхан Сейтқұловтың 150 жылдығы

Мұхамедхан Сейтқұлов 1870 жылы Семей қаласында туған. Белгілі ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың әкесі. Білімді, алашордашы, ислам уағызшысы болған адам. Қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыруда елеулі еңбек сіңірді. Ол көптеген қолжазба мен тарихи өлең-жырларды жинақтаушы және мәдени мұраны сақтаушы. Сейтқұловтың үйінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және тағы басқа қайраткерлер болған. Қолы ашық, жомарт Сейтқұлов «Абай» журналын және «Сары Арқа» газетін қаржыландырды. Мұхамедхан Сейтқұлов 1937 жылдың 2 желтоқсанында түнде атылды. Кейін ақталған.  

Маңғыстау көтерілісіне 150 жыл (1870 жылы болған)

1870 жылы Маңғыстау өңірінде патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы бағытталған көтеріліс.

Көтеріліске патша өкіметі 1868 жылы қабылдаған «Уақытша ереже» («Далалық облыстарды басқару жөніндегі ереже») себеп болған. Жаңа реформа бойынша салықтың мөлшері 1 сом 30 тиыннан 3 сом 50 тиынға дейін өсті және билеушілерден үй санын дәл есепке алуды, жерді мемлекеттік меншік деп тануды, болыстар мен ауылдарға бөлінуді талап етті. Ел арасында толқу басталды. Халық бұқарасын Досан Тәжіұлы, Алғи Жалмағамбетов, Ержан және Ерменбет Құловтар басқарды. Оған қоса Маңғыстау приставы подполковник Рукин би-шонжарлардың көмегімен салықты екі жылға (1869-70) бір-ақ жинамақшы болды. Осылайша ол 1870 жылы 15 наурызда төрт зеңбірегі бар 35 казак, тілмаш Бекметов, алпысқа жуық би мен старшындарды ертіп, адай руларынан салық жинауға аттанды. Рукиннің қарулы жасақпен келуі көтерілістің басталуына түрткі болды. Көтерілісшілер Рукин отрядымен 22 наурызда кездесті. Рукин отряды біржола талқандалды. Ал Рукин болса, көтерілісшілердің қолына түспес үшін өзін-өзі атып өлтірді.

Тағы оқыңыз: Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер

Көтерісшілердің саны 10 мың салт атты адамға жетті. Көтеріліс жергілікті өкіметпен Петербургтегі Бас штабты да үрейлендірді. Десе де наразы халық  патша өкіметінің мұздай қаруланған әскерлерінен жеңілді. Жазалаушылар халықты «Уақытша ережеге» күшпен бағындырды.

1870 жылғы Маңғыстау көтерілісі отаршылық езгіге, әсіресе, салықтың өсуі мен жайылымдарды пайдалануға шек қоюға қарсы шыққан қысқамерзімді жергілікті және стихиялық шаруалар көтерілісі болды.

Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығы

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. 1895 жылы 25 сәуірде Қарағанды облысында дүниеге келген.

Омбы семинариясында оқып жүрген кезінде Сейфуллин, Жұмабаев, Досовтармен бірге «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымын құрды. Ұйым мүшелері Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында әр түрлі кештер өткізіп тұрды.

1924-1929 жылдары ҚазАКСР Халкомкеңесiнiң төрағасы, 1931-1937 жылдары Бүкiлресейлiк ВЦИК хатшысының орынбасары және ВЦИК президиумы ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi, есеп-ақпарат бөлiмiнiң меңгерушiсi сынды аса жоғары қызметтер атқарған.

Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды. Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылдың қуғын-сүргініне алғашқылардың бірі болып ілінді. Мәскеу мұрағатының анықтамасына қарағанда Нұрмақов 1937 жылы 3 маусымда Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, 27 қыркүйекте 42 жасында атылған. Қоғам қайраткері 1958 жылы тамызда ақталды.

Сапарғали Бегалиннің 125 жылдығы

Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1895 жылы 24 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында өмірге келді.

1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген. Дегелең облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болды. Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түрксіб басқармасында жауапты қызметтер атқарды.

Тағы оқыңыз: Мағжан Жұмабаев туралы не білеміз?

«Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтында (қазіргі Әдебиет және өнер институты), Қазақстан Жазушылар одағында қызмет етті.

«Қазақ бозбалаларына» деп аталатын алғашқы өлеңі 1914 жылы «Айқап» журналында басылған. «Қыран кегі», «Цимлян теңізі», «Таңдамалы», «Сырлы қайнар» және тағы басқа өлеңдері мен поэмалары, «Көксегеннің көргендері», «Ермектің алмасы», «Сәтжан», «Жас бұтақ», «Жеткіншектер, «Мектеп түлектері», «Шоқан асулары», «Қыран туралы аңыз» , тағы басқа әңгіме, повестер жинақтары, «Замана белестері» романы жарық көрді.

Ағаділ Сухамбаевтың 100 жылдығы

1920 жылы Жамбыл облысының Свердлов ауданында туған. Кеңес Одағының батыры, Ұлы отан соғысында өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен. 268-атқыштар полкінің 2-ші ротасының командирі болды. Екі қолының жараланғанына қарамастан, оқ борап тұрған зеңбіректі кеудесімен жауып, Александр Матросовтың ерлігін қайталады. Белоруссияны, Литваны, Польшаны азат етуге қатысты. 1945 жылдың 28 наурызында оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Әбу Досмұхамбетовтің 100 жылдығы

1920 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы, Үшкөл ауылында туған. Екінші дүниежүзілік соғыста лейтенант, атқыштар ротасының командирі болған. 19 жасында Кеңес әскері қатарына шақырылып, ондағы полк мектебін үздік бітіріп, лейтенант атағын алады. Батырдың ротасы 1943 жылдың күзінде Днепр, Десна, Припять өзендерінен өтіп, сол жердегі ұрыстарға қатысқан. Сол жылдың 5-ші қазанда немістің танкісін жармақшы болып, астына өзі бірге түседі.

1943 жылы 16 қазанда Досмұхамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Байғали Досымжановтың 100 жылдығы

Қазақ кеңес опера әншісі, театр режиссері, педагог. 1920 жылы 20 қаңтарда Семейде жұмыскердің отбасында дүниеге келген. 1927 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін, Барнаулдағы балалар үйінің тәрбиесіне алынды. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, әншілік өнерге бет бұрды. Осылайша, 1936 жылы Алматыдағы музыка училищесіне оқуға түсті.

1941 жылы Қазақ опера және балет театрының, 1942 жылы ішкі істер жауынгерлерінің, кейін шекарашылар ән-би ансамбльдерінің жеке дауыстағы әншісі болды. 1944 жылдан Қазақ опера және балет театрында Төлеген (Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»), Біржан (Төлебаевтың «Біржан – Сарасында», КСРО Мемлекеттік сыйлығы, 1949), Айдар (Жұбанов пен Хамидидің «Абайында») партияларын орындап, ұлттық опера өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.

Тағы оқыңыз: Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?

1960 жылдан режиссерлік қызметпен айналыса бастады. Жұртшылыққа танымал болған «Қаламқас», «Нұргүл» ансамбльдерінің қамқоршысы болды. 1998 жылы 9 шілдеде Алматыда 78 жасында өмірден озды.

Жаңақорған курортының ашылғанына 100 жыл

Қазақстандағы бальнеологиялық шипажайлардың бірі. Қазақстан темір жолы бойында, Қызылорда қаласынан 170 шақырым қашықтықта, Жаңақорған кентінің жанында орналасқан. Шипалы балшығы мен тұзды суы ертеден белгілі болғанымен, шипажай болып тек 1918 жылдан бастап ашылған. Мұнда көбіне аяқ-қол, омыртқа буындарының сырқаттарын және гинекологиялық ауруларды емдейді. Шипажай жыл бойы жұмыс істейді.

Жәлел Қизатұлының 100 жылдығы

Кеңес Одағының батыры. 1920 жылы 9 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Қарағай ауылында өмірге келген.  

1940 жылы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген соң, Қызыл Армия қатарына шақырылды. 1942 жылы кіші лейтенанттар курсын бітіріп, 154-гвардиялық артиллерия полкінің взвод командирі болды. Соғыс жылдары жоғары артиллерия мектебін бітіреді. Одесса, Керчь, Сталинградты қорғауға, Украина, Белоруссия, Польшаны фашистерден азат етуге қатысты, Германия жерінде соғысты. 1944 жылы Днепр өзені үшін болған шайқаста көрсеткен ерлігі үшін аға лейтенант Қизатовқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Соғыстан оралған соң, Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірді. Облыс экономикасын дамытуға, әсіресе, ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіп саласына елеулі үлес қосты. Бірнеше өлең, повестер, поэмалар мен әңгімелер жазған. Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды.

1999 жылы 25 сәуірде 78 жасында Қызылорда қаласында қайтыс болды.

Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы

Қазақ ақыны 1920 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Жыланды ауылында туған. «Ленин тірі» атты алғашқы өлеңі 1939 жылы «Комсомол ұрпағы» газетінде басылып шықты. 1940 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін, 1947 жылға дейін әскер қатарында болды.  Ұлы Отан соғысына қатысты. Тұңғыш жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен 1949 жылы басылды. Содан кейінгі жылдары ақынның алпыстан астам кітабы жарық көріп, атағы жалпақ әлемге жайылды. Әсіресе, 1964 жылы «Мен – қазақпын» поэмасын шығаруы әдебиет әлемін дүр сілкіндірді. «Жесір тағдыры», «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары» сынды поэмалардың авторы.

Тағы оқыңыз: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы туралы қызықты деректер

«Кісен ашқан» поэмасы үшін ақынға 1970 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ал сегіз жылдан соң КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді. 1985 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді.

Жұмахан Балапановтың 100 жылдығы

Белгілі қоғам қайраткері, профессор, агроном Жұмахан Балапанов 1920 жылы 20 қыркүйекте қазіргі Алматы облысы Алакөл ауданы Қарасу ауылында дүниеге келді. Бүкіл ғұмырын еңбек пен ғылым жолына арнаған біртуар азамат. Әсіресе, ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесі зор. Жауапты қызметтерді атқара жүріп, 140-тан астам ғылыми жұмыс жазып қалдырған. Жуырда Талдықорғанда Жұмахан Балапановтың ескерткіші бой көтерді.

2004 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.

«Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің (бұрынғы ҚазТАГ) 100 жылдығы

1920 жылы 13 тамызда Ресей телеграф агенттігінің Орынбор – Торғай бөлімшесі деп аталатын қазақ жаңалықтарының алғашқы агенттігі құрылды.

1925 жылы агенттік атауы ҚазРОСТ болып өзгерді. 1937 жылы ҚазТАГ деген атпен Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қарауына берілді. 1997 жылы «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазААГ)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. Ал 2002 жылы ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы құрылды.

2013 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі болып құрылды.

Медиа агенттік бір ғасырға жуық уақыт бойы саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және қоғамның өзге де тыныс тіршілігі туралы ақпарат таратып келеді. Агенттік қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде хабар таратады. Шеттегі қандастар үшін қазақша жаңалықтар латын графикасы мен арабша төте жазуға аударылады.

Құрманғали Ұябаевтың 100 жылдығы

Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. 1920 жылы Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында туған. Балалар үйінде тәрбиеленген. 1940-1950 жылдары Кеңес армиясының қатарында болды.

1950-71 жылдары «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Қазақстан» баспасында, «Қазақ Совет Энциклопедиясының» редакциясында қызмет етті.

«Шығыс шыңында» деп аталатын тұңғыш кітабы 1949 жылы жарық көрді. «Сағат» поэмасы, «Жырларым», «Өтеді жылдар», «Концерт жырлары», «Тағдыр туралы сөз», «Дарқан далам» өлең жинақтары мен «Қырдағы қырандар», «Шақырылмаған қонақтар» очерк жинақтары шықты. Бірқатар шығармасы орыс тілінде басылды. Өзі де аудармашылықпен айналысқан.

Ақын 1971 жылы жазда Алматы қаласында өмірден өтті.

Қожабай Жазықовтың 100 жылдығы

Кеңес Одағының батыры. 1920 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Көктүбек ауылында туған. Мектеп тәмамдаған соң, Ақтөбедегі педагогикалық училищені сырттай бітіріп, Амангелді ауылында мұғалім болды. 1942 жылы қаңтарда Жазықов әскерге шақырылды. Ұрыс даласында гвардия лейтенанты, барлаушылар взводының командирі болды. Оның взводы Волье деревнясы маңында жаудың шегініп бара жатқан бөлімдеріне тосқауыл жасап, немістердің 120 әскері мен офицерінің көзін жойды. 1943 жылы 5 қарашаға қараған түні Жазықовтың взводы Днепропетровск облысы Тегеловка ауылының маңында жаудың қорғаныс бөлімінін талқандады. Осы ұрыста жау 200-дей әскері мен офицерінен, оқ-дәрі тиеген екі көлігінен айырылды. Жазықовтың барлаушылары алпысқа тарта гитлершіні тұтқындады. 1944 жылы желтоқсанда рота командирі мен үш офицері бар 70-тен аса адам қолға түсті.

Жазықовқа сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігі үшін 1945 жылы 28 сәуірде Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Соғыстан кейін елге оралып, білім беру саласында қызмет етті.

Кәмен Оразалиннің 100 жылдығы

Белгілі жазушы, ұстаз. 2020 жылы дара тұлғаның дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің шәкірті болған.

Кәмен Оразалыұлы 1920 жылы 16 маусымда Абай ауданы, Құндызды ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Кәмәли екен. Анасы еркелетіп «Кәмен» атанып кеткен.

Тағы оқыңыз: Алып күш иесі Қажымұқан туралы қызықты деректер

1938 жылы 17 қыркүйекте тұңғыш рет Семейдің облыстық «Екпінді» газетінде «Күзетте» атты өлеңі басылды. «Көктем салқыны», «Ақжазық», «Абайдан соң» романдарының авторы. Абай шығармашылығына қатысты бірнеше мақала мен очерктер жинағы жарық көрді. Кәмен Оразалиннің жазушы болып қалыптасуына Мұхтар Әуезов үлкен ықпал етті.

Кәмен Оразалин Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. 2008 жылы қайтыс болды.

Күләш Сәкиеваның 100 жылдығы

Әнші, Қазақстанның халық әртісі. 1920 жылы 15 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында туған. Жамбыл облыстық қазақ драма театрында, Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық музыкалық драма театрында көптеген рөлдерді сомдады.

Шығармашылықтан бөлек, қоғам жұмыстарына белсене араласты. 1955-1959 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. 1971 жылы Қазақстан компартиясының ХІІІ съезіне делегат болып қатысты.

Халық әртісі жүз жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Леонид Беданың 100 жылдығы

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры. 1920 жылы Қостанай облысында дүниеге келген.

КСРО-ға еңбек сіңірген әскери ұшқыш, авиация генерал-лейтенанты. 1942 жылдың тамыз айында соғысқа аттанды. Ол Сталинград, Донбасс, Таганрог, Кенигсберг қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. 1944 жылдың сәуіріне дейін 109 рет әскери тапсырмамен әуеге көтеріліп, жау әскері шоғырланған жерлер мен бекіністерді шабуылдады. Осы ерлігі үшін оған 1944 жылдың 26 қазанында Кеңес Одағының батыры атағы берілді. З-Беларусь майданы, 1-әуе армиясы, 1-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық дивизия командирінің орынбасары қызметінде жүріп, 105 әскери тапсырманы орындайды. 1945 жылдың 29 маусымда екінші рет Кеңес Одағының батыры атағын алады.

Соғыстан кейін Минск қаласында тұрады. 1976 жылы 26 желтоқсаны күні 56 жасында жол апатынан қаза тапты.

Мақат Рымжановтың 100 жылдығы

Мақат Рымжанов – өнер қайраткері , ҚазКСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрына жетекшілік етті. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары республика көлемінде үлкен құрметке бөленген «Абыз» халықтық театрының өркендеуіне үлес қосып, қамқорлық танытқан жандардың бірі еді.

Белгілі қоғам қайраткері ретінде Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағын да иеленген. Ұзақ жылдар партия қызметінде еңбек етіп, кейін облыстың мәдениет басқармасын басқарды. 70-80 жылдары Қарқаралы ауданының «Салтанат» ансамблін Парижге басқарып апарған.

Рымжанов дүниеден озған соң, «Абыз» театрына өнер қайраткерінің есімі берілді.

Нағи Ілиясовтің 100 жылдығы

Кеңес Одағының батыры. 1920 жылы 6 қарашада Қызылорда облысында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1939 жылы Ташкент педагогикалық училищесін бітіреді. Мектепте мұғалім болып істеп жүргенде, әскерге аттанады. Екі жылдай армия қатарында болған. Элиста, Ростов, Донбасс, Киев, Житомир қалаларын азат етуге қатысты. Будапешт қаласын (Венгрия) азат етуде корсеткен ерлігі үшін Ілиясовқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Тағы оқыңыз: Нақақтан-нақақ жала жабылды: Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова туралы не білеміз

Соғыстан оралған соң, Нағи Ілиясов партия шаруашылық жұмыстарын атқарды. 1987 жылы 6 мамырда Алматы қаласында дүние салды.

Патшайым Тәжібайқызының 100 жылдығы

Геология-минералогия ғылымдарының докторы атағын алған алғашқы қазақ әйелі, геолог, профессор. 1920 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі Орта Азия университетін тәмамдаған. 1947-1991 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтында аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Тәжібаева Қазақстанда литология және шөгінді пайдалы қазбалар жөніндегі ілімнің дамуына зор үлес қосты. Орталық Қазақстанның шөгінді жыныстары мен рудаларын зерттеді.

Сұлтан Баймағамбетовтің 100 жылдығы

Кеңес Одағының батыры. 1920 жылы Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Қояндыағаш ауылында өмірге келген.

1941 жылдың маусымынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысты. Алдымен, мергендер ротасында, кейіннен пулеметшілер бөлімшесінде болған.  Ленинград түбіндегі ұрыста 50-ден астам дұшпанның көзін жойды. Соғыста төрт рет жараланған. 1943 жылғы шайқастардың бірінде жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты.

1944 жылы Баймағамбетовке Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Сәлима Саттарованың 100 жылдығы

Актриса, Қазақстанның халық әртісі (1958). 1920 жылы 13 наурызда Алматыда туды. 14 жасында театр әлеміне қадам басты. Бар ғұмырын өнерге арнаған жан.

1934-40 жылдары Ұйғыр музықалық драма театрында актриса болып, Баян (Мүсіреповтің «Қозы Корпеш-Баян сұлуы»), Анархан (Асимов пен Садыровтың осы аттас пьесасы) және тағы басқа рөлдерді сомдады. 1940-1949 жылдары аралығында Қазақ академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсетті. 1949-1980 жылдары Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының құрамында ойнады.

1985 жылы 12 шілдеде Алматыда дүние салды.

Төлеген Тоқтаровтың 100 жылдығы

Кеңес Одағының батыры. 1920 жылы 19 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қарақұдық ауылында өмірге келген.

Соғыс қарсаңында Риддер қаласының маңындағы қорғасын зауытында жұмысшы болды. Кеңес әскері қатарына 1941 жылдың желтоқсанында шақырылып, Калинин майданы 3-екпінді армия 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы 1075-полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Дивизияның «Отан үшін» газеті ержүрек автоматшының бір тәулік ішінде жаудың 150-ден астам әскері мен офицерін жойғаны туралы жазды. Төлеген жауынгерлерді сан рет жауға бастап шыққан. 1942 жылы 5 ақпанда Т.Нагаткино селосына алдыңғылардың қатарында кіре отырып, жаудың жеті әскерін жойып, екеуін тұтқындады. 1942 жылы 9 ақпанда Бородино селосы үшін болған кескілескен ұрыста рота жауынгерлері жаудың қарсы шабуылынан бас көтермей, дұшпан мен ротаның ара қашықтығы 100 метрге дейін қысқарғанда, Төлеген Тоқтаров қасындағы төрт жауынгермен алға ұмтылып, ротаны шабуылға шақырды. Алдыңғы шепте шеткі үйлерді жаудан азат етіп, бес басқыншының көзін жойған. Оғы таусылғанша жауға тойтарыс беріп, ауыр жараланыпты. Осылайша Тоқтаров 1942 жылдың ақпанында ерлікпен қаза тапты.

Тағы оқыңыз: 17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер

1943 жылы Тоқтаровқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Республикалық «Казахстанская правда» газетінің 100 жылдығы

«Казахстанская правда» газетінің тарихы тереңде. Басылымның ең алғашқы нөмірі 1920 жылы «Известия киргизского края» атауымен жарық көрді. Кейін «Степная правда», «Советская степь» деген атаулармен шықты. «Казахстанская правда» болып 1932 жылдың қаңтарында өзгерген.

2020 жылы жалпыұлттық басылымға 100 жыл толады.

Шырынкүл Қазанбаеваның 100 жылдығы

Еңбек ардагері, Социалисттік Еңбек ері (1972). 1920 жылы 12 қыркүйекте Қызылорда облысы Шиелі ауданы Н.Бекежанов ауылында дүниеге келді.

1940 жылы Шиелі МТС-да үш айлық тракторшылар курсын бітіріп, ауданда бірінші болып тракторға отырған әйел. Тракторға отырып, тәулігіне 20 сағаттан жұмыс істепті. Осылайша, Нартай ауылында әйелдер арасында темір тұлпарға отырған «тұңғыш механизатор» атанды. Жер тырмалап, егін екті. Даңқты диқан Ыбырай Жақаевтан тәлім алды.

1946 жылдан зейнетке шыққанға дейін Бекежанов ауылында күріштің әр гектарынан 55-70 центнерден өнім алған. 1966 жылы есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылды. Бірнеше рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және ондаған медаль, социалисттік жарыстың алтын, күміс белгілерімен марапатталған.

2018 жылдың жазында дүние салды.



sputniknews.kz