2020 жылдың наурыз айына арналған ауа райы болжамы — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстандықтарды наурыз айында қандай ауа райы күтіп тұрғаны жайлы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазгидрометке сілтеме жасап хабарлайды.
Бірінші онкүндіктің басында солтүстік жартысында температуралық фон түнде 5…10 аяз, шығыста кей жерлерде 15…20 дейін аяз, күндіз 5 аяз…5 жылы, оңтүстік өңірлерде — күндіз ауа 10…20 дейін жылынады.
Наурыздың басында және ортасында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтардың кей жерлерінде қатты, екпінді жел 15-25 м/с дейін, солтүстік өңірлерде бұрқасынмен жауын-шашын күтіледі. Республика бойынша жиі тұман, солтүстік жартысында көктайғақ күтіледі. Жауын-шашынмен қатар ауа температурасы төмендейді.
Бірінші онкүндіктің соңында Кар теңізінен суық антициклонның басып кіруімен республиканың солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы төмендеп, термометр бағаны түнде 10…15, кей жерлерінде 20-25 аязға дейін, күндіз 5…13 аязға дейін, оңтүстікте түнде 2…12 аязға дейін, күндіз 0…8 жылыға дейін төмендеуі мүмкін.
Қазақстанның батысында бірінші онкүндіктің басында және ортасында жауын-шашын күтіледі, ауа температурасы түнде 0…8 аяздан 0…5 жылыға дейін, күндіз 0…5 жылыдан 5…13 жылыға дейін өзгереді.
Наурыз айында ауаның орташа айлық температурасы Қазақстанның басым бөлігінде нормадан 1°С жоғары, оңтүстік — шығыс бөлігінде норма шамасында (норма: солтүстік жартысында — 3…9 аяз, оңтүстік жартысында — 2 аяз…8 жылуды құрайды).
Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп, еліміздің батыс бөлігінде норма шамасында болады деп болжануда (ҚР басым бөлігінде норма 10-25 мм, тек оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс тау және тау бөктерлі аудандарында 30-90 мм.)
Бір ай ішінде циклондар мен антициклондардың жиі ауысуы жауын-шашынның жиі түсуіне және ауа температурасының өзгеруіне себепші болады.
stan.kz