2020 жылдан бастап Шымкентте жер салығы екі есе өседі
Бірақ халықтың табысы мен жергілікті бюджеттің қажеттілігі ескеріліп, жаңа салық мөлшерлемесі бірден емес, 2020 жылдан енгізілмекші, — деп жазады Sputnik.kz.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Шымкентте жер салығы 9,17 теңгеден 19,3 теңгеге дейін өседі. Бұл туралы ҚР парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутат Мұрат Теміржанов айтты.
«2020 жылға дейін Шымкент үшін жердің бір шаршы метрі үшін салық 9 теңге 17 тиынды құрайды. Заң жобасына сәйкес, 2020 жылдан бастап бұл салық мөлшері Астана қаласымен теңесіп, шымкенттіктер 19 теңге 30 тиын төлейтін болады. Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін 2018 жылдың шілде айынан алды. Не себепті Шымкентке бір жылдай уақыт беріліп отыр?» — деп сұрады Теміржанов мәжілістің жалпы отырысында.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов үкіметтің аталған өңір тұрғындарының табысын ескергенін айтты. Сондай-ақ, 2020 жылы жаңа субвенциялар бөлінетініне тоқталды.
«Жергілікті бюджеттің кіріс базасы есептелді. Ол бұрынғы ставкалар ескеріле отырып, 2019 жылға дейін есептелген, сондықтан жаңа мөлшерлемені 2020 жылдан енгізу ұсынылды. Бұл субвенцияларды өзгертпей, жергілікті бюджеттің тұрақты болып қала беруіне жағдай жасайды. Екіншіден, халықтың жаңа салық мөлшеріне дайындалуына уақыт береді», — деді ол.
Мұнымен қатар, Дәленов 2019 жылы Шымкенттің кіріс мөлшері шығыстан асып түсетінін айтты. Яғни қала өз бюджетімен өзін асырай алады.
«Біздің болжауымызша, шамамен 8-15 жыл ішінде Шымкент дотациялық қаладан донорлық қалаға айналады. Әзірге нақты бағдарламалар жоқ. Бірақ міндетті түрде бюджеттік реформалар болады. Осының арқасында Шымкент 2025 жылы донор қалаға айналады деген үміттеміз», — деді вице-министр.
Шымкенттен бөлек, салық кодексіндегі өзгерістер Түркістан қаласына да қатысты. Биыл Түркістан облыс орталығы мәртебесін алды. Жер салығымен қатар мүлік салығының да мөлшері өзгереді.