2019 жылы жүргізушілерге автобус арқылы айыппұл салынады — Ел жаңалықтары
Жыл соңына дейін автобустарға 50 камера орнатылады. Олар арнайы жолаққа шыққан көліктің нөмірін түсіріп, рұқсат етілмеген жерге тұрақтаған көлікті тіркейді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Аlmaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнадағылардың мәліметінше, Алматыда тәулігіне 1 200-ден аса жол ережесі бұзылады. Бұл тек орташа жылдамдықты асырғандар ғана.
Айта кетейік, 1 желтоқсаннан бері Алматыда көліктің орташа жылдамдығын есептейтін құрылғылар айыппұл жаза бастады.
Алматының алты жерінде орташа жылдамдықты есептейтін камералардың орнатылғанына бүгін тура 6 күн болды. 1 желтоқсаннан бастап жылдамдық асырғандар тіркеліп жатыр.
Осы ретте Полиция департаментінің мамандары ережемен жүруге кеңес береді. Қазір қондырғылар қаланың ең жол-көлік апаты жиі болатын 6 жеріне орнатылған. Бір күннің өзінде 1 200 заң бұзушылық тіркеледі. Айыппұл сомасы 8 миллионға жуық. Жүргізушілер көбінесе Шығыс айналма жолында жылдамдықты асырып айдайды. Одан кейін Жансүгіров көшесі, үшінші орында әл-Фараби даңғылы екен. Ал орташа жылдамдықты есептейтін құрылғы болашақта қаланың барлық көшелеріне орнатылмақ.
«Әзірге ақпарат жинап, сараптама жасап жатырмыз. Камералар өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Жақын арада айыппұлдар жол ережесін бұзған жүргізушілердің мекенжайына жолданады. Қондырғылар алдағы уақытта қаланың барлық жеріне орнатылмақ», — деді Алматы қаласы Полиция департаменті техникалық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ольга Агафонова.
Орташа жылдамдық өзіндік формула бойынша есептеледі. Мәселен, қондырғы орнатылған 1-ші бекет пен 2-ші бекет арасын жүргізуші 2 минут 14 секундта жүріп өтуі тиіс делік. Алайда, тізгінші келесі бекетке белгіленген уақыттан бұрын жетсе, онда жылдамдық асырды деген сөз. Формулаға салғанда көліктің 2 бекет арасындағы орташа жылдамдығы анықталады. Полиция департаменті мамандары аталған құрылғылар орнатылған жерлерден ғана жай өтіп, басқа көшелерде жүйткуге болмайтынын ескертті. Себебі, қалада «Сергек» камералары да жұмыс істеп тұр.
«Бүгінде «Сергек» кешендері Абай және әл-Фараби даңғылдарында, «Алматы-2″ теміржол вокзалының маңында жұмыс істеп тұр. Көбіне арнайы жолақтың және БРТ жеілісінің бойына орнаттық. Сонымен қатар, тұңғыш президент саябағына да орнату көзделген. Аталған аумақтарда жүргіншілер көп жүреді және көлік саны да кешкі уақытта артады. Қазір камералар тиімділігін көрсетіп жатыр», — деді «Сергек» камераларын құрастырушы Әсет Ахметов.
«Сергек» камералары қазір бағдаршамның қызыл түсіне өткендер мен stop-сызығын басқандарды да тіркеуде. Сонымен қатар, автобус жолағына шыққан көліктер де назардан тыс қалмайды. Смарт құрылғыны құрастырушылардың сөзінше, бұл заңбұзушылықтар адам өміріне ең қауіптілері.
«Қазір Алматы бойынша толық ақпарат айту қиын. Өйткені, «Сергек» камералары барлық жерге орнатылмаған. Сондықтан жүргізушілер қондырғына көре сала, жылдамдықты азайтып, ол жоқ жерде қайтадан жылдамдықты асыруы мүмкін. Егер статистикаға қарайтын болса, «Сергек» кешендері бар жерлерде заңбұзушылық азайған. Айта кететін тағы бір жайт, «Сергек» камералары күндіз де, түнде де жоғары сапада түсіреді», – деді Әсет Ахметов.
2019 жылдан бастап қоғамдық көліктерде де бейнебақылау камералары пайда болады. Олар ақпаратты бірден Полиция департаментіне жіберіп отырады. Яғни, арнайы жолаққа шыққан жеке көліктер бірден анықталып, айыппұл жазылады. Айта кетсек, камералар Қазақстанда жасалған. Мұндай смарт шешім полиция мамандарының да жұмысын оңтайландырады дейді бастамашылар.
«Жыл соңына дейін 50 камера автобустарға орнатылады. Олар арнайы жолаққа шыққан көліктің нөмірін түсіріп, рұқсат етілмеген жерге тұрақтаған темір тұлпарды тіркейді. Яғни, эвакуатор келіп машинаны алып кетпейді. Бірден айыппұл жазыла береді. Мұндай жүйе жыл соңына дейін автобустарға орнатылып, іске қосылады», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек бүгін Астанада өткен брифингте қаладағы 3 көшеде жылдамдық сағатына 60 шақырымға азайтылатынын айтты. Олар әл-Фараби, Саин және Шығыс айналма жолы. Себебі, аталған көшелерде жол-көлік апаты жиі орын алады. Сондықтан осындай шешімге келдік деді мегаполис басшысы. Осыған орай, Алматыда видео және фотофиксациялардың саны артады.
«Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе қаладағы видео және фотофиксациялардың санын көбейту жобасы әзірленіп жатыр. Аталған қондырғылар қазір 110 бекетте жұмыс істеп тұрған болса, тағы 142-сін орнатамыз. Бүгінде жобалық сметалық құжаттары дайындалуда», — деді Алматы қаласы Полиция департаменті техникалық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ольга Агафонова.
Алматыдағы барлық бейнебақылау камераларына түсірілген заңбұзушылықтар осы орталыққа келіп түседі. Содан кейін жол ережесін бұзған автокөліктің суреті, заңның қай тармағын бұзғаны туралы ақпарат жазылады да, автокөлік иесінің мекенжайына жолданады.