2019 жылы Тарбағатай ауданының 5 ауылына ауыз су келеді

0

Тұрғындар ауылдың шет жағына орнатылған су павильионынан күніне екі мәрте су алып тұрады екен. Елді мекендегі әр үйде екіден құдық болғанымен су павильионының суы тереңнен (42 метр) шығатындығымен ерекшеленеді. «Үйде орнатылған құдықтардың суы 6-7 метрден шығады. Ал 42 метрден шығатын артезиан суының тазалығына ешкім күмән келтірмейді деп ойлаймын. Халықтың көбі осыны түсіне бермейді», — дейді Тәуке ауылындағы су павильонының қызметкері Кәнсебек Жаманбаев.

Ауыз су құрылғысының орнатылғанына ауыл тұрғындары ризашылығын білдіргенімен, ауыз су әр үйге жеткізілсе деген тілегін де жасырмады. «Таза су -денсаулық кепілі. Шағын ауылдарды осылай ауыз сумен қамтып жатқанына разымыз. Десек те, таза су әрбір үйге жеткізілсе жақсы болар еді. Өйткені, бұл ауылдың тұрғындарының көпшілігі — қарттар. Балалары мен немерелері қалада. Шал-шауқанға үйге кіргізіп берсе мың да бір рахмет айтар едік», — дейді ауыл тұрғыны Жеңісхан Тілеубалдин ақсақал.

Тарбағатай ауданында бүгінде халықтың орталық ауыз сумен қамтылуы 82,9 процентті құрап отырса, елді мекендердің орталық ауыз сумен қамтылуы 56,7 процентке жетіп отыр. 2015 жылы халықтың орталық ауыз сумен қамтылуы 66,6, елді мекендердің орталық ауыз сумен қамтылуы небары 28 процент болыпты. 2015 жылы аудандағы 41 863 тұрғынның 27904-і сумен қамтылса, қазір бұл көрсеткіш 32 733-ке жетіп жығылыпты. Бес жыл бұрын аудандағы 60 елді мекеннің тек 17-сінде ауыз су болса, қазір 34 ауыл таза ауыз су ішіп отырған жайы бар. Осы бес жылда субсидия көлемі де бес есеге артыпты (2015 — 21 миллион, 2018 —  87,6 миллион). «Үлкен ауылдардың барлығына дерлік ауыз су жеткізілді. Ауыз су жеткізілмеген 50 мен 400-ге дейін тұрғыны бар 26 (3380 тұрғын) ауыл қалды. 2018 жылы Үштөбе, Серіктес, Сарыөлең ауылдары суға қосылды. 2019 жылы Қызылкесік, Сәтпаев, Құмкөл, Маңырақ, Екпін ауылдарына су құбырын тарту жұмыстары жүргізіледі. Бұған республикалық бюжеттен 3,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Кішкене ауылдарға ауыз суды үйіне дейін жеткізбесек те, құбыр қазып, су шығарып беріп жатырмыз», — дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы,Тарбағатай ауданы

Дереккөз: http://egemen.kz/