2019 жылы Қазақстан кімдермен мақтанды — Қазақстан жаңалықтары

0

Ескі доңыз жылында көпшіліктің ықыласына бөленіп, елдің абыройын асқақтатқандар кімдер? Бұл жылы қазақ өнері үшін құтты болды десек артық айтпаймыз. Күміскөмей әншіміз Димаш Құдайберген Нью-Йорктің төрінде концерт беріп, шетелдіктерді өнеріне тәнті етсе, мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 

Димаш
1. Димаш Құдайбергеннің 10 желтоқсанда Нью-Йоркте берген концерті үлкен аншлагпен өтті. Концертке әншінің жанкүйерлері 63 ел мен АҚШ-тың 41 штатынан келген. Димаш кешінде домбыра тартып, көпшілікті таңғалдырды.

Бұған дейін әнші 29 маусымда елордамызда «Астана Арена» стадионында үлкен концертін өткізді. Бұл концертке әншінің тыңдармандары әлемнің түкпір-түкпірінен келген еді. 

Ал наурыз айында Димаш Кремль сарайында концерт қойды. Осы жылдың 29 қарашасында Санкт-Петербургте 12 мың көрермен алдында ән шырқады. 

Димаш Құдайберген Қытайда 2019 жылдың үздік шетелдік әртісі атанды. Сондай-ақ, Ресейде «Жыл әншісі» атағын алды. «Жыл әні» (Песня года) премиясында «Жыл әншісі» аталымында жеңімпаз атанды. Сонымен қатар осы жылы «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атанды.

Элизабет Тұрсынбаева
2. Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ол мәнерлеп сырғанау спорты тарихында төрт айналым сальховты әйелдер арасында тұңғыш рет жасаған спортшы атанды. 19-24 наурыз аралығында Жапонияның Сайтамасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді. 

Элизабет Тұрсынбаева төрттік сальховты ресми жарыстарда орындаған тұңғыш әйел спортшы ретінде әлем тарихында қалды. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау тарихында 16 жастан асқан әйелдер арасында ешкім төрт айналым элемент секірмеген. 

Сондай-ақ, осы жылдың қазан айында Қытайда өткен Shanghai Trophy турнирінде күміс медаль алды. Одан бөлек, Красноярск қаласында өткен Универсиада-2019-да күміс медальға ие болды. 

Элизабет Тұрсынбаева 12 желтоқсанда «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды.

3. Осы жылы Польшаның Гливице қаласында «Балалар Евровидениесі 2019» байқауында 12 жасар Ержан Максим ІІ орынды иеленіп қайтты. Байқауға 18 елдің өкілдері қатысқан.

Қазақстандық жас әншіге Беларусь, Грузия, Нидерланды, Польша, Сербия, Украина және Уэльстің кәсіби музыканттары қолдау көрсетті. Ержан Максим екінші орынға ие болды. 

Ержан Максим қазіргі кезде Ресейде оқып жатыр. 

stan.kz