2019 жылы экранға шыққан фильмдер

0
28

Биыл қазақ киносы бірқатар жаңа фильммен толықты. Соның ішінде бұған дейін түсірілген туындылардың жалғасы және жаңа шығармалар бар

НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан – Sputnik. Sputnik Қазақстан 2019 жылы шыққан қазақ фильмдеріне шолу жасайды.

«Балуан Шолақ»

Cәуірдің басында Нұр-Сұлтан қаласында «Балуан Шолақ» көркем фильмінің премьерасы болды. Фильмнің режиссері – Нұргелді Садығұлов. Тарихи кинолента палуан, әнші әрі композитор Нұрмағанбет Баймырзаұлының (Балуан Шолақ) өмірі жайында баяндайды. Сценарий авторы – Дулат Исабеков.

Фильмнің түсірілімі Алматы облысының Жалаңаш және Кеген ауылдарында, сондай-ақ, Павлодар қаласында және Бурабай курортты аймағында өткен. Көпшілік сахналарға үш жүзден астам адам қатысқан..

«Мен үшін маңыздысы – жас ұрпақты Балуан Шолақтың тұлғасымен таныстыру және ол өмір сүрген тарихи кезеңді көрсету», – дейді режиссер Садығұлов.

Режиссер осы жұмысы үшін Қазақстан кинематографистері одағының «Құлагер-2019» сыйлығына ие болды. Келесі жылдың басында фильм Бангладеште өтетін халықаралық кинофестивальге қатысады. 

«Қазақ хандығы. Алтын тақ»

Бұл -«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» хикаясының жалғасы. Кинотуындының алғашқы бөлімінде Керей мен Жәнібектің Әбілхайыр хандығынан бөлініп, жаңа мемлекетті құрғаны жайында баяндалса, жаңа фильмде Шайбани мемлекетінің патшасы Әбілхайырдың қазасы, Сығанақтың қазақ хандығына қарауы, Керей ханның қайтыс болуы және таққа Жәнібек сұлтанның отыруы сияқты тарихи оқиғалар көрсетіледі.

Фильмнің бас продюсері Арман Әсеновтың айтуынша,  бірінші маусыммен салыстырғанда екінші фильм әлдеқайда қызығырақ, динамикасы жағынан жылдам, экшн көп.

«Томирис»

Қыркүйектің соңында «Томирис» фильмінің тұсаукесері өтті. Фильм мәдениет және спорт минстрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Жобаның құны – 2 миллиард 259 миллион теңге. 

Режиссер Ақан Сатаевтың айтуынша, фильм екі жарым жыл түсірілді. Сценарий Геродоттың нұсқасы негізінде жазылды. Алайда Иранда оны мойындамайды екен.

Фильмде басты рөлді сомдаған Альмира Тұрсынның негізгі мамандығы – психолог. Өзі киноға алғаш рет түсті. Алайда режиссер оның образға кіру қабілетін жоғары бағалап, жаңа жұлдызға айналатынына сенім білдірді. Тұрсын трюктарды өзі орындап, бір рет аяғын да сындырып алған. Фильм кейіпкерлері көне түркі және көне парсы тілдерінде сөйлейді.

Биыл «Томирис» фильмі үшін Ренат Гайсин үздік композитор атанып, Қазақстан кинематографистер одағының сыйлығына ілікті.  Ал депутат Сауытбек Әбдірахманов массагеттердің ғажайып ерлігіне арналған монумент орнатуды ұсынды. Себебі дәл осы шайқас әлемнің тарихын түбегейлі өзгертті.

«Жақсылық»

Фильмде қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері Жақсылық Үшкемпіровтың өмірлік жолы баяндалады. Жанры – спорттық драма. Қоюшы режиссер – Бақыт Қайырбеков.

Айта кетейік, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы осы фильмге кастинг жариялағанда жобаның атауы «Жеңімпаз» болған.

Фильмнің продюсері Тасболат Мерекенов «Жақсылық» үшін «Құлагер-2019» сыйлығымен марапатталды.

«Әруақ»

Фильмде басты ролді қазақ киносының мэтрі Асанәлі Әшімов сомдайды. Бұл -оның өз идеясы.

«Әруақ» фильмі Ағатай есімді қарттың өмірімен байланысты өрбиді. Фильмге өз ортасынан безіп, әйелі қайтыс болғаннан кейін далаға барып тұруды көздеген қарт кісінің өмірі арқау болады. Әйтсе де данагөй, пәлсапашының жолында балалар үйінен қашып шыққан Бөбек деген кішкентай, елгезек бала кезігіп, оның өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді.

Картинаның режиссері – Қуат Ахметов. Фильм 2018 жылы өндіріске жіберіліп, былтыр көктемде аяқталған. Түсірілімдер Алматы облысында, Іле өзені жағалауында өткен.

Фильмнің сценарийін түркі елдерінің ертегілері мен аңыз-әңгімелері желісі бойынша Қуат Ахметов пен Одильша Агишев жазып шыққан.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз