2019 жылы ХҚКО қызметкерлерінің жалақысы өседі: қазір қанша алады?
Қазір ХҚКО қызметкерлерінің жалақысы бәрінде бірдей – 75 мың теңге
АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Келесі жылы халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің жалақысы өседі. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КАҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оспановтың айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің айлығы бірнеше жыл бойы көтерілмеген. Қазір қатардағы қызметкерлердің бәрінде жалақы бірдей – 75 мың теңге. Келесі жылдан бастап барлық өңірде жалақыны көтеру жоспарланып отыр.
«Астана, Алматы мен Шымкентте 15 мың теңгеге көтереміз, яғни қазір оларда 75 мың теңге болса, келесі жылы 90 мың теңгені құрайды. Ал басқа жай қалаларда 10 мың теңге, аудандарда 5 мың теңгеге өсіреміз», — деді Оспанов.
12 желтоқсаннан бастап ХҚКО-да саусақ ізімен қызмет алуға болады
Оның айтуынша, Қазақстан бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында 10 мың қызметкер жұмыс істейді. Олардың жалақысын 30 процентке көбейту үшін қосымша 6 миллиард теңге қажет.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/