2019 жылы халықтың әл-ауқаты қандай болады?
2018 жыл қуантты да, жылатты да. Сондықтан ескі жылды қорытындылап, жаңа жылға да болжам жасайтын уақыт жетті. Көкейімізде алдағы жыл биылғыдан да олжалы болады деген үзілмес үміт бар. Сонымен, келер жыл қандай болады? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Алдағы жылға болжамды бірінші есеп-қисаптан бастап көрейік. Сандар сиқырына сенсек, 2019 жылдың басты саны «3» болғалы тұр. Ал нумерологияда ол әдеміліктің, шығармашылықтың символы-мыс. Нумеролог Луиза Тілегенованың есептеуінше, келер жылдың алғашқы үш айы қазақстандықтарға сәл қиындау болып келсе де, қалған уақыты өте табысты болмақ.
«Өнер саласындағы адамдарға табысты жыл болады. Өнер адамдары — бишілер, суретшілер, ақындар, медицина саласындағы жандар қызметте жоғарылауы әбден мүмкін. Квалификациясы жоғарылап, келе жыл жақсы — жыл болып есептеледі» — дейді нумеролог Луиза Тілегенова.
Бойдақ қыз-жігіттердің құлағына алтын сырға. Отбасылы, үйлі болуыңызға доңыз жылы үлкен септігін тигізеді, дейді нумерологтар. Қосымша білім алып, көкжиегін кеңейтемін деушілерге де жол ашық. Астролог Ботагөз Нұрғали келер жылдың артықшылықтары көп боларын растап отыр.
«Доңыз жылы Юпитер мен Сатурн ғаламдарына дәл келіп тұр. Сондықтан 2019 мерген, тоқты, арыстандарға сәтті жылдардың бірі болмақ. Сондай-ақ теңге де тұрақты болатынын айтып өткім келеді. Ал туризм қызметкерлеріне , әсіресе білім саласындағы мұғалімдерге келер жыл мол табыс әкеледі» — дейді астролог Ботагөз Нұрғали.
Бұған қазір талқыланып жатқан «Ұстаз мәртбесі» туралы заң да септігін тигізер. Бұл ретте әлеуметтанушылар қарапайым халықтың да тұрмысы оңалатынын алға тартып отыр.
«Халықтың әл-ауқаты жақсаруы тиіс. Оған байланысты көптеген көптеген бағдарламалар жүзеге асырып жатыр. Тіптен, қалаға қолдау жасалып, әр аймақтағы қайтарымсыз игерілмеген қаржыны жастарға қолдауға жіберіледі. Осы шаралар өз нәтижесін береді деп ойлаймын» — дейді әлеуметтанушы Есімбек Арынбек.
Ал халық жағдайының жақсаруына теңгенің ықпалы зор екенін бәрі біледі. Валютамыз қандай болса, жұрттың күн көрісі де соған қарай құбыла береді. Осыған қатысты экономистер былай дейді:
«Бізде Қазақстанда индустриалдың екінші бесжылдығы бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Кеше ғана телекөпір болып 2018-ді жақсы нәтижемен біз аяқтадық. Ал енді 2019 жылда да бірнеше кәсіпорындар, қайта өңдеуші кәсіпорындар бірнеше жұмыс орындары ашылады. Яғни бұл деген сөз халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына әкеліп соғады» — дейді экономист Ғалымжан Келме.
Келер доңыз жылының қандай болатыны әзерге белгісіз. Оның жауабын біз тек 2020 жылы ғана біле аламыз. Десе де, әлеуметтанушы мен астрологтардың, экономист пен нумерологтардың болжамына қармастан, халық алда тек жарқын күннің боларына ғана сенері сөзсіз. Ал бұл сенім барлығын да өзгертуге қауқары жетеді.