2019 жылы Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді

0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Турнир алғаш рет олимпиадалық тәртіп бойынша өткізілмек. Бұл туралы Қазақстан Республикасы грэпплинг қауымдастығының президенті Қанат Алин мәлімдеді.

«2018 жылы біз мемлекеттік аккредитация алдық. Шілде айында Ұлттық Олимпиада комитеті бізді қауымдастық ретінде таныды. Сондай-ақ, 2019 жылы Астанада әлем чемпионаты өтетінін хабарлағым келеді. Келер жылы биылғы біріншілікке қарағанда көп қатысушы келеді деп күтеміз. Себебі турнирдің мәртебесі жоғары және грэпплингті дамытуға қызығушылық танытып отырған федерациялар көп », — деді Қанат Алин.

Оның айтуынша, грэпплинг спорты әсіресе жастар арасында танымалдылыққа ие. Қазақстан қауымдастығың ғана емес, әлемдік грэплинг комитетінің мақсаты – Олимпиада ойындары бағдарламасына кіру.

Айта кетсек, келер жылы 23-24 ақпанда Астанада ересектер мен ардагерлер арасында грэпплингтен өтетін республикалық чемпионатта, сондай-ақ, 21-24 наурызда Qazaq Batyry республикалық турнирінде жеңімпаз атанған балуандар әлем чемпионатына қатысады.

Ал грэпплингтен әлем чемпионаты келер жылы қыркүйек айында олимпиадалық тәртіп бойынша өтеді.

Еске сала кетсек, биыл отандық грэпплинг тарихында тұңғыш рет осы спорт түрінен Астанада әлем чемпионаты өткізілді. Қазақстан 24 елдің арасында жалпы есепте 2-орынға көтерілді. Сонымен қатар, Тәуелсіздік күніне орай «Қазақстан Кубогы» турнирі өтті. Жарыстың қорытындысы бойынша келер жылы өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталды.

Грэпплинг қауымдастығы 2013 жылы құрылған сәттен бастап ауқымды жарыстар өткізіп келеді. 2017 жылы Астанада алғаш рет Азия чемпионаты өтті. Бүгінде Астана қаласы осы спорт түрін Азияда дамыту орталығына айналып отыр.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ