2019 жылы Астанада 10 мың ақылы автотұрақ ашылады

0

2018 жылғы 7 желтоқсан 11:44 30

2019 жылы Астанада 10 мың ақылы автотұрақ ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат — Ақылы тұрақтар жұмысын бастағалы олардың қызметін жарты миллионнан астам жүргізуші пайдаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ұқсас жаңалықтар

«Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС мәлімдегендей, 2019 жылдың соңына дейін қала аумағында 10 мың ақылы тұрақ орындары ашылады деп жоспарланып отыр.

«Ақылы тұрақ орындарын іске қосудың келесі кезеңі сол жағалаудағы Қонаев, Достық көшелерінде, оң жағалаудағы Кенесары, Бейбітшілік, Сейфуллин, Желтоқсан және Жеңіс көшелерінде жүзеге асады. Автоқұмарларға бір ай бұрын хабарлаймыз. Ақылы тұрақтар пайда болатын орындарда бұл жердің алдағы уақытта ақылы болатыны туралы ескерту сипатындағы ақпараттық қалқандар орнатылады»,- деді компанияның баспасөз хатшысы А. Амантаева.

Автотұрақ пайдаланушылардың пікірін саралай келе, 10 айлық жұмыстың нәтижесінде ақылы тұрақтар жүйесі көліктердің жол бойында бей-берекет қойылуын болдырмауға, Нұржол желекжолын жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз етуге септігін тигізді. Желекжол маңындағы көшелердің өткізу қабілеті де едәуір ұлғайды.

«Ақылы тұрақтар туристер үшін ыңғайлы болды. Қыдырушы туристер енді Нұрлы жол желекжолында қысылып-қымтырылмай, бей-берекет қойып тастаған көліктер арасынан өтетін орын іздеп жүрмейтін болды. Енді демалушылар Нұрлыжол желекжолының екінші жағына еркін өте береді. Жобаның мақсаты да осы болатын. Көпшілік ойлағандай табыс табу емес, бастысы ыңғайлылық», — деді А.Амантаева.

Ол сонымен қатар, 23 сәуірден бастап ақылы тұрақ ережесін бұзғаны үшін айыппұл есебінен Астана бюджетіне 66,7 млн теңге келіп түскенін жеткізді. «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС әзірге ақылы тұрақтың төлемақысы өзгермейтінін айтты.

«Ақылы тұрақ құнын көтеру 2019 жылдың күзінде қаралады», — деді Амантаева.

Естеріңізге сала кетейік, пилоттық режимдегі жоба 2018 жылдың 15 қаңтарында Нұрлыжол желекжолында іске қосылды. Әкімшілік орталықта 487 аймақтың 24-і сертификатталған арнайы жабдықтармен — паркомат, жол белгілері, ақпараттық тақта және таңбалармен жабдықталып, ақылы болды.