2019 жылы әлемде болған айшықты оқиғалар

0

НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik, Арман Асқар. Sputnik Қазақстан тілшісі 2019 жылы әлемде болған айтулы оқиғаларды еске алуды жөн көрді.

Айдың көлеңкелі жағын көрдік

Жылдың басында Қытай «Чанъэ-4» ғарыш аппаратын ұшырды. Осы пилотсыз станция Айдың көлеңкелі жағына немесе оңтүстік полюсіне алғаш рет сәтті қонды. Аппарат айналаның бәрін фотоға түсіріп жіберді. Осылайша, адамзат баласы Айдың көлеңкелі жағын көрді.

Бұдан бөлек, модуль бортында өсімдіктердің тұқымдары болған. Оны сол жерге егіп, су құйды. Осының нәтижесінде мақтаның бір дәні көктеп шыға келді.

«Мен сіздің қателігіңіздің нәтижесімін… «

21 сәуірде танымал әзілкеш әрі актер Владимир Зеленский Украинаның президенті болып сайланды. Оны халықтың 70 проценті қолдады. Осы елдің бұрынғы президенті Петр Порошенко барын салып, тағы президенттікке сайлануға тырысты. Бірақ екінші мерзімге өте алмады.

Сайлаудан екі күн бұрын Зеленский мен Порошенко «Олимпийский» стадионында дебат өткізді. Оған 22 мың адам жиналды. Сол жерде Зеленский халықтың есінде қалған бір сөзін айтты.

«2014 жылы мен сіз үшін дауыс бергенмін, Порошенко мырза. Енді, бүгін осы жерде тұрмын, мен сіздің қателіктеріңіздің нәтижесімін», — деді Зеленский.

Украинадағы сайлау посткеңестік елдерде кеңінен талқыланды. Себебі билікке алғаш рет саясатқа еш қатысы жоқ адам келді. Қазақстанда осы тақырыпқа байланысты көптеген әзілдер тарады. Танымал әзілкештердің президенттік сайлауға қатысатыны туралы алыпқашпа әңгімелер де болды. Өткен жылы Зеленский «Квартал 95» cтудиясында президенттік туралы өз ойын айтқан болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский

Ядролық қауіп күшейді

Биыл 32 жылдық тарихы бар тарихи құжат — орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісім тоқтатылды. АҚШ пен Ресей көптен бері бірін-бірі айыптап, осы мәселеге қатысты өз ұстанымдарын ашық айтып жүрген.

Америка «Ресей жаңа зымырандарды сынақтан өткізіп жатыр» десе, Ресей «Америка Еуропадағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орнатуды тоқтатсын» деп, талай рет талап қойған. Бірақ екі жақ бір келісімге келе алмады. Ақыр соңында екеуі де ортақ келісімшарттан шығып кетті. АҚШ бірден жаңа зымырандарды сынақтан өткізе бастады. Ал Дональд Трамп жаңа келісімді жасауға болатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісім 1987 жылы рәсімделген болатын. Оған КСРО басшысы Михаил Горбачев пен АҚШ президенті Рональд Рейган қол қойған. Төрт жылдың ішінде КСРО 1846 зымыран кешенін жойса, АҚШ 846 кешенді бұзып тастады.

Наразылық акциялары өтті

2019 жылы әлемнің түкпір-түкпірінде наразылық акциялары көп болды. Мәселен, Венесуэла екіге бөлінді. Парламент спикері Хуан Гуайдо президенттік сайлау әділетсіз өтті деп, өзін мемлекет басшысы ретінде жариялады. Оған АҚШ пен Мексика қолдау білдірді. Гуайдоның жақтастары көшеге шықты. Қақтығыстар басталды. Осыдан кейін Венесуэланың президенті Николас Мадуро «Америка мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты» деп мәлімдеп, АҚШ-пен дипломатиялық байланыстарды тоқтатты.

Ал жазда Гонконогтың тұрғындары көшеге шықты. Оған іздеуде жүрген адамдарды Қытайға беру туралы заң түрткі болды. Артынан ресми билік ол құжатты кері қайтарды. Бірақ халық тараған жоқ.

Наразылық акциялары кезінде бір Қазақстан азаматы да ұсталды. Ол – Баптист университетінің бірінші курс студенті. Достары оның тәртіпсіздіктерге қатыспағанын мәлімдеді. Сол күні құқық қорғаушылар университет кампусына кіргенде Әбілқайыр Нұқпиев көп адамның арасында болған. Сөйтіп, барлығымен бірге қамауға алынған. Сот қаңтар айында өтеді.

Иракта жанар-жағармайдың бағасы көтерілгеннен кейін тәртіпсіздіктер басталса, Чилиде наразылық акцияларына метро қызметінің қымбаттауы себеп болды. Мәскеу қаласында да митингтер болды.

Ал Қазақстанда президент сайлауы кезінде митингілер өтті. Одан кейін де бірнеше рет наразылық акциялары болды. Көпбалалы аналар көшеге шықты. Нәтижесінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев митингілер туралы заңнаманы жетілдіруге тапсырма берді.

ЕАЭО-ға 5 жыл

Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде біраз шаруа атқарылды. Одақ мүшелері цифрлық технологияларды дамытуға бет алды. Бірақ негізгі жұмыс кедергілерді жоюға бағытталды. Себебі әрбір мемлекет өз нарығын қорғауға тырысады. Соның нәтижесінде сан алуан тосқауылдар шығады. Мәселен, биылдың өзінде одақ бойынша 115 кедергі тіркелген, оның 44-і жойылды.

Бүгінде одақ мүшелері 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиясын әзірлеп жатыр. Осы құжатта бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары көрсетіледі. Ал биыл рәсімделген құжаттардың ішінен зейнетақы келісімін атап өтуге болады. Оған сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жұмыс істеген адамның еңбек өтілі өз елінде зейнетақы төлеу кезінде ескеріледі. Келісімге Санкт-Петербургте өткен бейресми самитте қол қойылды. Сол жерде Ресей басшысы Владимир Путин Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Айтпақшы, осы жиында Беларусь Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының жаңа төрағасын таныстырды. Осы қызметке Михаил Мясникович келді. Қазіргі төраға Тигран Саркисян өз орнын 2020 жылы 1 ақпанда босатады.

Экс-президент қамауға алынды

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев жылу электр станциясын күрделі жөндеуден өткізу кезінде ақша жымқырғаны үшін айыпталды. Бұдан бөлек, оған қылмыстық әлемнің серкесін босатты деген кінә тағылды. Дәл осы іс бойынша Атамбаевты бірнеше рет сотқа шақырған. Бірақ ол бармай қойды. Осыдан кейін оны күштеп әкелу туралы шешім қабылданды.

Маусымның соңында Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырды. Ал тамыздың басында оны ұстау операциясы өтті. Бірақ бұрынғы президенттің жақтастары құқық қорғаушыларға қарсылық көрсетті. Қарулы қақтығыс кезінде арнайы қызметтің бір өкілі қаза тапты. Жергілікті ішкі істер департаментінің басшысы қатты зардап шекті. Оның басын жарып тастаған.

Ертесінде Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбековтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Сол жерде  Атамбаевтың мәселесі қаралды. Осыдан кейін тағы бір ұстау операциясы ұйымдастырылды. Атамбаев өз еркімен шығып, заң алдында жауап беруге келісті. Бішкектің аудандық соты оны қамауға алу туралы үкім шығарды.


©
REUTERS / Vladimir Pirogov

Алмазбек Атамбаев

Бүгінде 7-8 тамызда болған оқиғаларды тергеу жөніндегі мемлекеттік комиссия Атамбаевқа қосымша айыптарды тағуға дайындалып жатыр. Соның ішінде қарулы қақтығыс кезіндегі бір адамның өлімі және билікті тартып алу әрекеті бар.    

Президентке импичмент жарияланды

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы Дональд Трампқа импичмент жариялады. Осы бастаманы демократтар көтерді. Негізгі екі себеп бар. Біріншісі – өкілеттілікті асыра пайдалану, екіншісі – конгрестің жұмысына кедергі жасау. Демократтардың айтуынша, Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийден өзінің басты қарсыласы Джо Байденге қатысты тергеу бастауды талап еткен. Сосын АҚШ конгресі мақұлдаған Украинаға әскери көмек көрсетуді кешіктірген.

Тағы оқыңыз: Трамп Тоқаевқа жеделхат жолдады

Палата өкілдері импичмент жарияласа да, Дональд Трамп өз қызметінен шеттетілген жоқ. Себебі президенттің тағдырын сенат шешеді. Бірақ ол жерде республикашылар аз емес. Олар Трампқа тағылған айыптармен келіспей отыр.

Сенаттағы сот отырысы келесі жылы қаңтар айында басталуы мүмкін. Сенаторлар импичментті қолдаса, қазіргі вице-президент Майк Пенс мемлекет басшысы болады.

АҚШ тарихында тек екі президентке импичмент жарияланған. 1868 жылы Эндрю Джонсон өз орнынан мерзімінен бұрын кетсе, тура 130 жылдан кейін Билл Клинтон президенттік посттан кетуге мәжбүр болды.

Олимпиададан шеттетілді

Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (WADA) ресейлік спортшыларды төрт жылға жарыстардан шеттетуге шешім қабылдады. Енді алдағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына тек «таза» спортшылар ғана қатыса алады. Олар өз елінің әнұранын ойнатып, туын шығара алмайды. Дегенмен, WADA шешімінің Санкт-Петербург қаласында өтетін футболдан Еуропа чемпионатына және 2021 жылғы УЕФА чемпиондар лигасына қатысы жоқ.

Ресей президенті Владимир Путин осы мәселеге қатысты өз ойын айтты.

«Кез келген жаза жеке адамға қатысты қолданылуы керек. Жаза дауға еш қатысы жоқ адамдарға кесірін тигізбеуі тиіс. Мұны бәрі түсінеді. WADA мамандары да түсінеді деп ойлаймын. Жаза барша ұжымға қатысты қолданылса, бұл шешімнің әлемдік спортқа емес, саясатқа қатысы бар», — дейді Путин.

10 желтоқсан күні шығарылған шешім 21 күннен кейін күшіне енеді. Оған дейін аппеляциялық шағым түсіруге болады. 



sputniknews.kz