2019 жылдың ең үздік 10 хикаясы
2019 жылы Азаттықта ең көп оқылған, қызу талқыланған 18 үздік хикаяны тағы бір мәрте қаперлеріңізге саламыз.
«Жусан-2» арнайы операциясы кезінде Қазақстанның арнайы қызметі елге жеткізген келіншек Сириядағы ДАИШ тобының («Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы) қол астында болған алты жылы туралы ойламауға тырысады. Үлкені биыл алты жасқа толатын екі ұлдың анасын төркін жұрты қуана қарсы алған. Тілшіміз Жаңагүл Жүрсіннің мақаласын оқи отырыңыз.
2019 жылы алдымен президент әкімшілігінің жетекшісі болған, кейін мемлекеттік хатшылыққа тағайындалған Қырымбек Көшербаевтың саяси портреті — сайтымызда ең көп оқылған мақаланың бірі.
22 наурызда Наурыз мерекесі күні Алматыда халық билікке қарсы наразылыққа шықты. Осы күні полиция жүздеген адамды ұстады. Наразылық шарасынан түсірілген Азаттық сюжеті — ең көп көрілген видео.
Мамырдың 20-21 күндері Парижде өткен конференцияда Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай талқыланды. Жиынға бір топ қазақстандық белсенді және қазір Еуропада тұрып жатқан бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин мен Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев қатысты. Жиынға барған Ермұрат Бапи Парижде қандай мәселелер талқыланғанын Азаттыққа айтып берген еді.
Маусымның 24-і күні Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада қару-жарақ пен оқ-дәрі жарылып, төрт адам қаза тапты. Жүзден астам адам зардап шекті. Азаттық тілшісі сөйлескен әскери сарапшылар Арыстағы қоймада совет заманынан қалған қару сақталғанын айтады.
1994-1997 жылдары Қазақстан премьер-министрі болып, 1998 жылы елден кеткен Әкежан Қажыгелдин Азаттыққа берген сұхбатында шетелде бірнеше рет Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін айтты.
2019 жылы Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы көрерменге «Қария мен теңіз» атты фильмін ұсынды. Фильмде Арал теңізінің шағын бөлігі — Кіші Аралдың тола бастағаны сөз болады. 1950 жылдары Арал теңізінде балық аулаған қария Өмірзақ Оспанов теңіздің тартылғанын да, балықшылардың кәсібін тастап, өзге өңірлерге көшкенін де көрген. Арал ауданы Бөген және Қарашалаң ауылы балықшыларының тыныс-тіршілігі, Кіші Аралды Үлкен Аралдан бөліп тұрған Көкарал бөгетінің бүгінгі күйі – фильмнің негізгі тақырыбы.
Қазақстанда ежелгі көшпелі тайпалардың патшайымы туралы «Томирис» фильмі жарық көрді. Кинотуынды продюсері — бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы. «Фильм қоғамдық сананы әйел басшының билікке келуіне дайындап жатыр» деген пікір де бар. Киносыншылардың бірі фильмді бұрынғы мемлекет басшысының үлкен қызының «сайлауалды ролигі» деп атады.
Осы жылы Азаттық өздеріңізге түрлі тест тапсырмаларын ұсынып отырды. Оқырман тарапынан көп шешілген тестіміздің бірі — Күй-тартыс.
Азаттық Қазақстан аумағындағы Ресей жалға алған әскери сынақ полигондарының маңында тұратын жандардың өмірі жайлы деректі фильм ұсынады. Ресей Қазақстаннан аумағы 86 мың шаршы километрді құрайтын үш полигонды жалға алған. Бұл Австрияның жер көлемінен үлкен. Ресей үш полигонды жалға алғаны үшін Қазақстанға жылына 20 млн доллар төлейді. Ал полигон аумағында тұратын адамдар мемлекеттен айына 10 еуро жәрдемақы алады.