2019: Еркін күрестен ел чемпионатында кімдер топ жаруы мүмкін?

0

Биыл қазақ балуандарының алдында үлкен міндет тұр. Қыркүйек айында Олимпиадаға лицензия тарататын әлем чемпионаты Астанада өтпекші. Аталған турнир еліміздегі білекті балуандардың жауапкершілігін екі есеге арттырады.

Біріншіден, күрес түрлерінен әлем чемпионаттарында алтын алмағанымызға жиырма жыл толды. Грек-рим күресінен 1999 жылғы Бақтияр Байсейітовтің жеңісінен бері тұғыр биігінде тұрған балуанымыз әлі жоқ. Еркін күрес шеберлеріне де мұндай бақыт бүгінге дейін бұйырмаған.

Екіншіден, Токио Олимпиадасына жолдама алу міндетінен бөлек, өз жерімізде, өз жанкүйеріміздің алдында намысқа тырысу, туымызды жықпау сынды абыройлы іс күтіп тұр. Осы сынақтардан сүрінбей өтетін балуан бізде бар ма?

Еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев спортшылардан ерлік күтетінін айтады. 

«Шымкенттегі ел чемпионатында біз күтпеген бір жаңалық болса деген үміт бар. Әсіресе, жастардан күтерім көп. Жақсы жігіттер жоқ емес, бар. Біздің мақсат – солардың көзін ашу. Астанада өтетін әлем чемпионатында жерге қарамау керектігін балуандар жақсы түсінеді. Жауапкершілік жүгі жеңіл еместігін олар баяғыда сезінген. Енді барлығын кілем көрсетеді ғой. Бапкерлер аянып қалмас, балуандар да бар күшін салуы керек», — дейді бас бапкер.

Еркін күрес балуандары бар ынтасымен Шымкенттегі додаға дайындалып жатыр. Жақында өткен Иван Ярыгин атындағы рейтингілік турнирге ұлттық құрама спортшылары қатысқан жоқ. Оған себеп – салмақ қуу кезінде балуандарды шаршатып алмау. Ресми турнир болғандықтан, Ярыгин атындағы Гран-приге қатысатын балуан әбден салмақ қууы тиіс. Ал екі аптадан соң Қазақстан чемпионатында да спортшылардың осы жүйеге ораларын білген бапкерлер құрамы Шымкенттегі ел біріншілігіне басымдық берді. 

2018 жылғы әлем чемпионатында еркін күрестен 57 келіде финалға жетіп, күміс медаль тағынған Нұрислам Санаев ел чемпионатынан тыс қалмайды. Алайда, балуан өзіне үйреншікті салмағынан бас тартып, 61 келіде бақ сынауға бел буыпты. 

57 келіде чемпиондық атақты негізінен жас спортшылар сарапқа салмақ. Осы салмақтағы үздіктердің бірі, 2018 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Жандос Исмаилов тізе жарақатына байланысты жарыстан бас тартты. 

61 келіде Нұрислам Санаевқа қарсылас болатын Расул Қалиев пен Қайрат Әміртаев бар. 2014 жылғы Азия чемпионы әрі Азия ойындарының жүлдегері саналатын Расул соңғы жылдары ірі додалардан құр қол қайтып жүр. Былтырғы Қазақстан чемпионатында ол қола медаль иеленген болатын. Биыл ол бұрынғы бабына келіп, құрамадағы орнын қайтарып алу үшін бар күшін салары сөзсіз. Ал 2018 жылғы ел чемпионы, 2017 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қуат Әміртаев жарақатына байланысты қатыса алмайды. Оның сыңары Қайрат чемпиондық атаққа таласатын болады. 

65 келідегі балуандардың шоқтығы биік. Бұл салмақта талантты жастардан бөлек, Дәулет Ниязбеков, Саятбек Оқасов, Мейіржан Әшіров, Ілияс Жұмай сынды үздіктер бозкілемде кім  мықтыны анықтамақ. Дәулет Ниязбеков бұл салмақтағы ең тәжірибелі балуан. Лондон Олимпиадасының қатысушысы, одан бөлек, 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Дәулеттің үш дүркін Азия чемпионы деген атағы да бар.  Азия ойындарының қола жүлдегері Саятбек Оқасов, студенттер арасындағы әлем чемпионы, Азия біріншілігінің қола жүлдегері Мейіржан Әшіровтің де жүлдеге таласары сөзсіз. 

70 келі салмақта бапкерлер қауымы жас балуандардан үміт күтіп отыр. Тәжірибелі балуандардан Амандық Бәкиев пен Дәурен Жұмағазиевті атап өтуге болады. Екеуі де тісқаққан спортшылар. Дәуреннің жеңісті жылдары Лондон Олимпиадасына дейін өтсе де, Алматы облысының түлегі кілемнен алыстай қойған жоқ. Амандық Бәкиев өз салмағында үздік саналғанымен, халықаралық турнирлерде мықтылығымен қуанта қойған жоқ. 

74 келі салмақ дәрежесінде де «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар баршылық. Басты белдесу 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарының финалисі Данияр Қайсанов пен 2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов арасында өтеді деп күтілуде. Екеуінің арасындағы соңғы белдесу Бекжановтың жеңісімен аяқталған. 2018 жылғы Конфедерация кубогінің ақтық сынында Қайсанов Нұрланға еш қайсар көрсете алған жоқ. Сондай-ақ, осы салмақта соңғы әлем чемпионатына қатысқан Болат Сақаевты да есептн шығаруға болмайды. 

79 келіде Сәкен Айтжанов, Бақтияр Ізбасаров, Ғалым Өсербаевтар көш бастауы мүмкін. Бұл үштік өткен жылғы ел біріншілігінде де үздіктер санатынан көрінген.

86 келіде былтырғы Қазақстан чемпионатының алтын және күміс жүлдегері атанған Әділет Дауланбаев пен Азамат Дәулетбеков әлі де фавориттер қатарында. 

92 келіде Ералы Әбдірашев пен Нұрғали Нұрғайыпұлы,  97 келіде Бақдәулет Әлментаев пен Мәмед Ибрагимовтер жүлдеден үмітті.

Ал аса ауыр салмақтағы балуандар айтарлықтай жеңісімен қуантып жүрген жоқ. Мұнда жеңіске жетуі мүмкін Олег Болтин мен Іңкәр Ермұхаммедтің ірі турнирлерде алысқа шабуы екіталай. 

Қазақстан чемпионаты аяқталып, құрама жасақталған соң балуандар Алматы облысындағы АІВА базасында оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. 13-27 ақпан аралығында өтетін жиынға Беларусь және Өзбекстан командаларының нақты қатысатыны анықталды.

Жиын аяқталған соң балуандар 28 ақпан мен 3 наурыз аралығында Болгарияда өтетін халықаралық турнирге аттанады. 

Дереккөз: http://egemen.kz/