2018 жылғы ҚР Мемлекеттік сыйлығын алғандардың есімі белгілі болды
ҚР президенті Н. Назарбаевтың 28 қарашадағы № 794 жарлығымен бекітілген әдебиет пен өнер саласында ҚР Мемлекеттік сыйлығын алғандардың есімдері жарияланды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдеді.
2018 жылғы Мемлекеттік сыйлық 3 жеке қаламгерге және 2 шығармашылық ұжымға берілген. Солардың арасында қазақ поэзиясының дамуына айрықша үлес қосқан Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және нәзік те мәртебелі поэзия өкілі Ақұштап Бақтыгерейқызы қатарлы ақындар да бар.
Президент жарлығында:
- Қазақстан Республикасының 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы:
1) ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовке – «Алқоңыр дүние» өлеңдер мен балладалар жинағы үшін;
2) авторлар ұжымына: Төлеубек Нығметұлы Әлпиевке, Алан Асқарұлы Бөрібаевқа, Сүндет Әбдірахманұлы Байғожинге, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының шығармашылық ұжымына қатысушыларға – «Абай» операсы (Л. Хамиди, А. Жұбанов) үшін;
3) авторлар ұжымына: Ақан Қарғамбайұлы Сатаевқа, Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаеваға, Тимур Қазбекұлы Жақсылықовқа, Алтынай Бауыржанқызы Нөгербекке, Әділ Ералыұлы Ахметовке – «Анаға апарар жол» толықметрлі көркем фильмі үшін;
4) ақын Ақұштап Бақтыгерейқызы Бақтыгерееваға – «Ана сыры» өлеңдер мен балладалар жинағы үшін;
5) ақын Өтеген Оралбайұлы Оралбаевқа – «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін берілсін.
- Осы Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», – делінген.