2018 жыл. Елді елең еткізген елеулі оқиғалар

0

Биыл қандай оқиғалар қоғамның қызу  талқысына түсті? Халықтың жадында 2018 жыл нендей жаңалықтармен есте қалды? Qamshy.kz ақпарат агенттігі ағымдағы жылдың айтулы оқиғаларының тізімін оқырмандар назарына ұсынады.

52 адамның қазасы

2018 жылдың басы жылы жаңалықтармен басталған жоқ. Қаңтар айында Ақтөбе облысында орын алған апат тек Қазақстан халқының ғана емес, көрші елдегі халықтың да  қабырғасын қайыстырды. Ол – Ақтөбе облысының Ырғыз аймағында жолаушылар мінген автобус өртке оранып, оның ішіндегі 52 адам тірідей өртке оранды.

«2018 жылдың 18 қаңтарында сағат 10:30 шамасында Самара-Шымкент бағытындағы жолда 55 жолаушысы мен 2 жүргізушісі бар автобус өртке оранды. Жедел жәрдемнің көмегімен 5 адам көліктен шығып үлгерген, ал қалған 52 адам апат орнында қаза тапты», — деген қаралы хабар бүкіл елге таралды. Оқиғаның анық-қанығына көз жеткізу үшін тергеу жұмыстары бір жылдай жүргізіліп, ағымдағы жылдың қараша айында оның нүктесі қойылды.

52 адам

Апострофсыз латын әліпбиі

2018 жылдың елді елең еткізген тағы бір жаңалығы – Елбасының апострофсыз латын әліпбиінің нұсқасын заңды түрде бекітіп, Жарлыққа қол қойғаны болды. 2017 жылдың 26 қазанында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы жарлық қабылданған болатын, арада бір жыл толмай Елбасы латын әліпбиінің нұсқасын да бекітті.

«1. «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына (Қазақстан Республикасы ПҮАЖ-ы, № 50-51-52, 326-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

аталған Жарлықпен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

  1. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген ресми құжатта.

Латын

7 жасар баланың оқиғасы

Ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан облысының Сарыағаш ауданы, Абай ауылында жеті жастағы бала сексуалдық зорлықтың құрбаны болды. Бүкіл жұртшылықты шулатып, қоғамдық талқыға түскен бұл оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жарты жылдан астам уақыттай жүргізіліп, 14 жастағы жеткіншек кінәлі деп танылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Жеті жастағы баланың басынан өткен жантүршігерлік оқиға бүкіл елде кеңінен талқыланды. Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап педофилдерді «химиялық сүндеттеу» туралы шешім қабылданғанын айта кетейік.

7 жас

Сайрагүл Сауытбайдың соты

Соңғы жылдары Қытайдағы қандастарымызғы қысым жасалынып, түрлі қиындықтар туындағаны белгілі. Соның ішінде тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл елдің назарын аударған оқиға – Сайрагүл Сауытбайдың соты болды. Бала-шағасынан жырақта қалған ана шекараны заңсыз кесіп өтіп, басы дауға қалғаны белгілі.

Бүкіл қазақты алаңдатқан Сайрагүлдің ісіне қатысты әлеуметтік желіде оған араша түсіп, елде қалдыруды сұрағандар көп болды. Қытайдағы аз ұлттардың бүгінгі таңдағы ахуалын қоғам белсенділері «геноцид» деп бағалап, Елбасыдан осы мәселеге араша болуын сұрады.

“Қазақстанның түрмесінде отырсам да, осында қалсам болды», — деп армандаған қазақ әйелінің  ісі төрт айға дейін созылып, ағымдағы жылдың 1 тамызында сот үкімі оқылып, елде қалдыру туралы шешім қабылданды.

Сайрагүл

Чемпионның қазасы

Биыл барша жұртшылықтың қабырғасын қайыстырған қазалы оқиға – мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімі болды.

2018 жылдың 19 шілдесінде сағат 15:00 шамасында Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында белгісіз біреулер Денис Теннің көлігінің айнасын ұрлап, оны ауыр жаралап ке,тті.  Көп қан жоғалтқан чемпион, ауыр жарақаттың салдарынан қайтыс болды.

Денис Теннің қазасы Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемнің алаңдатушылығын тудырды,  аталмыш оқиға еліміздің полиция қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызды.

Денис Тен

Көкпардағы жеңіліс

Биылғы жылы халықтың көңілін қалдырған тағы бір жағдай – қазақ көкпаршыларының халықаралық сайыста жеңіліс тапқаны. Тамыз айында өткен Дүниежүзілік көкпар ойындарында қазақ көкпаршылары өмірі көкпар ойнап көрмеген өзбектерден ұтылып қалды. «Көкбөрі» федерациясының бұрынғы президенті Талас Бегалиев қазақ көкпаршыларын сынап, олардың ойынын іске алғысыз етті.

Мейіржан Матжан есімді көкпаршының өз сұхбатында «Жылқылар өзіміздікі емес, қырғыздікі еді. Сол да әсер еткен болар, себебі қырғыздардың жылқылары әлсіз», — деп айтқаны да естен шыққан жоқ.. Қазақтың ұлттық ойыны саналатын көкпарда қандастарымыздың финалға да шыға алмай, ойсырай жеңілуі халықтың көңілін қалдырды…

Көкпар

Головкиннің алғашқы жеңілісі

Халықтың ұзақ уақыт күткен жекпе жегі  Головкин-Канело жекпе-жегі болды. Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде Лос-Анджелестегі 20 мың адамға арналған T-Mobile аренасында өткен алапат айқаста қазақстандық боксшы Геннадий Головкин алғаш рет мексикалық боксшы Сауль Альварестен жеңілді.

Өз салмағында ешкімге есе жібермеген Головкин Канеломен кездесуін «сойқан соғысқа» балаған еді. Қос былғары қолғап шебері де бұл жекпе-жекті нокаутпен аяқтауға уәде берген. Алайда жекпе-жектің қорытындысында Головкин «Канелоға» есе жіберді. Головкин барлық чемпиондық белдігінен айрылды. “Бұл Головкиннің соңғы жекпе жегі болуы мүмкін» деген де ақпарат тараған. Алайда Геннадий Головкин кейінгі мәлімдемелерінде әлемнің ең үздік боксшыларымен жұдырықтасуға дайын екендігін айтты.

Головкин

Қоғамның наразылығына ұшыраған комсомол  тойы

Биыл Ленин комсомолының құрылғанына 100 жыл толды. Комсомолдың 100 жылдығын атап өту Алматы қаласынан бастау алып, кейіннен басқа да аймақтарға жетті. Келмеске кеткен ВЛКСМ-ның бір ғасырлық тойына барғандардың қатарынан кейбір мемлекет қайраткерлері де көрінді. Әлеуметтік желіде бұл шараға қатысты сан түрлі пікірлер айтылып, оған барған белгілі тұлғалар халықтың сынына ұшырады.

Сонымен қатар, қоғам «Алаш автономиясының 100 жылдық мерейтойы көлеңкеде қалды» деп билікке де наразылығын білдірді.

Бұған Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев «Бұл — толығымен шындыққа сәйкес келмейді. Бір жағынан бірнеше жүз адам театрлардың бірінде шара өткізеді де, екінші жағынан жыл бойы еліміздің барлық аймақтарында Алаштың 100 жылдығына арналған шаралардың толыққанды кешені ұйымдастырылады», — деп жауап берді. Дәурен Абаев өз сөзінде комсомол Қазақстан үшін өткен дәуірдің белгісі болып қалғанын айтты.

ВЛКСМ

Жыл әншісі – Димаш Құдайберген

Қазақ халқын бүкіл әлемге танытқан Димаш Құдайбергеннің биыл жұлдызы жанды, ірі сахналарды бағындырды. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген әнші Лондонда жеке концертін өткізіп, Ресей сахнасында халықты таңдай қақтырды.

Лондонда өткен жеке концертіне Қытай, Канада, Белгия, Чехия секілді 45 елден жанкүйерлер келіп, «Indigo at the O2» концерт залында ине шаншар орын болмады. Димаш жеке концертінде Adajio, «Дайдидау», «Сағындым», Michael Jackson tribute, The Show Must go on, «Лейла», If I Never Breathe Again, «Любовь уставших лебедей» секілді 29 әнді жанды дауыста айтып, жанкүйелердің ыстық ықыласына бөленді.

Мәскеудегі Кремль сахнасында ән салып, «НТВ» арнасының «Орталық телевидение» бағдарламасында қонақта болған Димаш Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен «Шаршаған аққулардың махаббаты» әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, Ресейдегі «Жыл әні – 2018-ге» қатысып, Олимпийскиді де бағындырды. Халықтың ыстық ықыласын көрген жүргізушілер Димашты «жыл жаңалығы» деп атады.

Димаш

Кетіп бара жатқан 2018 жыл осындай жаңалықтарымен елдің есінде қалды. Ал келер 2019 жыл жағымды ақпараттар жылы болғай деміз…

«Қамшы» сілтейді