2013 жылдан бастап республика көлемінде «Елбасытану» атты элективті курс жүргізіліп келеді
Аталмыш курс негізінде Елбасының тұлғалық қалыптасу кезеңдерін көрсетіп, оны жастарға өнеге ету арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу ісі қолға алынуда. Атап айтар болсақ, бұл курс алғаш рет 2013-2014 жылдары елорданың Ж.Жабаев атындағы мектеп-гимназиясы, №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі және № 38 мектептің оқушыларына өткізіле бастады. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын тауып, Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы және Аршалы ауданына қарасты Қосшы ауылдық округінде, Алматы облысы Қарасай ауданы Абай мектебінің оқушыларына арнайы дәріс өткізілді.
Осынау шара аясында Елбасының сыныптастары мен замандастары: С.Есімбай, Қ.Сарекенов, К.Әмірова, К.Байбосынов, Р.Сиразитдинова, Т.Сыпаев, А.Әбдіраманов, М.Қыстаубаев, И.Оразбаев, Е.Сапарбаев, А.Мырзаметов, Ә.Кәрімовтердің қатысумен «Өнегелі өмір, өшпес мұра» атты рухани кеш ұйымдастырылып, Президентіміздің туған өлкесі Қаскелең, Шамалған, Үшқоңыр елді мекендері және білім алып, қызмет атқарған Днепродзержинск, Алматы, Теміртау, Қарағанды қалаларына ғылыми-іздестіру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 50-ге жуық дерек қоры (сұхбаттар, естеліктер, мұрағаттар) табылып, олар көпшілік назарына ұсынылды.
Осы орайда, Н.Назарбаевтың бұған дейін белгісіз болып келген 1956 жылы «Жас натуралистер» ұйымына мүше ретінде Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің медаліне ие болуы, сонымен қатар «Комсомольская правда», «Казахстанская правда» сынды бүкілодақтық, республикалық газеттерде жарияланған мақалалар, ресейлік мұрағат қорларынан алынған Нұрсұлтан Назарбаевтың өндіріс озаттарымен бірге космонавт Валерий Быковскийдің қолынан ғарышта болып келген комсомол төсбелгісін алуы, Қазақстан комсомолының Х, ХІІ съездеріне, БЛКЖО-ның ХIV cъезіне, Финляндияның Хельсинки қаласында өткен VIII Бүкіләлемдік Жастар мен студенттер фестиваліне қатысуы туралы ақпараттар, құжаттар мен фотосуреттер құнды дүние ретінде бағаланып отыр.
Осылайша еліміз көлемінде «Елбасытану» әліппесін тұрақты жүргізудің нәтижесінде дерек қоры жинақталып, олар «Атамекен» брошюрасы, «Қоғамдық-саяси тақырып бойынша экскурсия жүргізу және дайындау» атты әдістемелік құрал, «Елбасы: өмірбаяны, бастамалары және саяси ұстанымы. Замандастар естеліктері» атты жинақ, «Ұлағатты ұстаздар» альбомы сынды кітап болып жарық көрді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы музейінің үнпарағы «Мирас» қоғамдық-саяси және ғылыми-көпшілік журналы арқылы 30-ға жуық естелік-сұхбат пен мақала жарияланды.
Соңғы рет, яғни биылғы қараша айының 18-25-і аралығында ғылыми-іздестіру тобы 1959-1960 жылдары Елбасы білім алған Украина еліндегі Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищеде болып келді. Ғылыми топты қала басшысының орынбасары Т.Завгородник қабылдап, училищенің тарихымен таныстырды. Іздеушілер оқу орнының мұрағатынан жас жігіт Нұрсұлтан Назарбаевты оқуға қабылдау туралы 1958 жылғы 20 қарашадағы №12 бұйрықты және үздік оқығаны, қоғам және комсомол жұмыстарына белсене қатысқаны үшін табыс етілген «Мақтау қағазы» т.б. мәліметтер тауып қайтты.
Ләйла ОМАРОВА,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері