200 жылдық тарихы бар Қызылорданың шынайы келбетін білесіз бе? (фото) — новости Казахстана
Биыл Қызылорда өзінің 200 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Салтанатты шара аясында қалада бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілді. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің сырты әктеліп, әрленді. Кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңда үлкен гала-концерт ұйымдастырылды. Алайда қаланың екі ғасырлық мерекесі шет аймақ тұрғындарына сезіле қоймаған секілді.
Сонымен, Қызылорданың көпшілік біле білмейтін «жасырын» келбеті қандай?
NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі билік назарынан тыс қалып қойған шет аймақтарды аралап, ондағы тұрғындармен тілдескен болатын.
Гагарин қыстағы облыс орталығынан қашық орналаса қоймаған. Дегенмен мұндағы адамдар өздерін ауыл тұрғындары ретінде сезетінін айтады.
Әбден қабырғасы мүжіліп, шатыры тозған баспаналарына айтар шағымдары өте көп. Қала әкімдігіне бірнеше мәрте наразылықтарын да жеткізген екен. Бірақ нақты нәтиже әлі жоқ.
Мұндағы тұрғындары жаздың күні сасық көлшіктерден жапа шегіп келеді.
«Қызылжарма» ауылы тұрғындарының да жағдайы осыларға ұқсас.
Мұндағы көпқабатты үйдің тұрғындары қыстың күні пәтерлеріне от жағады. Ол аздай, ауладағы дәретхананы пайдалануға мәжбүр.
Баспаналарының да жағдайы мәз емес. Осы ауылдағы бес қабатты жатақхананың жоғары бөлігінің опырылып түскен кездері де болған.
Су далада күндіз-түні сарылдап ағып тұр. Ал арықтың іші толған қоқыс. Еш қараусыз ағып жатқан суды мұндағы тұрғындар амалсыз пайдаланады.
«Үйіміз өте ескі. Бірнеше рет қабырғалары құлады. Сол кезде төтеншеліктер мен әкімдік қызметкерлері келеді. Бірақ ешқандай өзгеріс болып жатқан жоқ. Мұндағы тұрғындардың көпшілігі пәтер жалдап тұратындар. Арзан болған соң осында келеді», — дейді жатақхана тұрғындарының бірі.
Шанхай мөлтек ауданында да ескі үйлер өте көп.
Бірақ оларға «апаттық» деген статус берілмеген. Соған қарамастан, жергілікті тұрғындар өз өмірлері үшін алаңдайды.
Не себепті екендігі белгісіз, тазалық мекемелері де бұл аймаққа мүлдем келмейтін сияқты.
Әр бұрышта жиналған қоқыстардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тұрғындарға қауіп төндіретін қаңғыбас иттер де жетерлік.
Шет аймақ тұрғындары мерейтой қарсаңында жақсы жаңалық күткендерін айтады. Бірақ бұл жолы да оң өзгерістердің барлығы облыс орталығынан әрі аса алмаған секілді.