200 миллион теңге жинап берген салымшылар алданып қалды

0
22

«Пайызсыз баспана» кооперативіне ақша салған қазақстандықтар алданып қалғандарын айтып шағымданды. Сөздерінше, салымшыларға пәтер берілуі керек болған. Тіпті тұрғын үй ауданын таңдауда шектеу қоймапты. Нәтижесінде азаматтар алаяқтарға 200 миллион теңге жинап берген, деп хабарлайды Kznews.kz сайты 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап. 

«Пайызсыз баспана» ұйымдастырушыларының жүйесі қарапайым. Жобаның мүшесі атану үшін бастапқы салым 300 мың теңге құю керек. Сондай-ақ 4 ай ішінде пәтер құнының 30% төлеу қажет. Қалған 70% кооператив өзі төлеуге уәде берген. Кооперативке сеніп қалғандардың бірі – Алматы тұрғыны Ақару Тойшы. Ол сегіз ай бұрын ақшасын құйып қойған екен, алайда пәтер ала алмаған.
«Барлығы 600 мың теңге салдым. Ай сайынғы төлем 50 мың теңге деді. Мен барынша көбірек құюға тырыстым. Әрине, жалақым көп емес. Тапқан табысымды бірден салып отырдым», — деді зардап шеккен Ақару Тойшы.

Кейбір салымшылар өз қаржыларын 2018 жылдан бері қайтара алмай жүр. Адвокат Ғабит Өмірбековтің сөзінше, жапа шеккендер 240 адамнан көп болуы мүмкін. Себебі келісімшартты ұйымдастырушылар орындамаған, тіпті кейбірімін тек ауызша түрде келіскен екен. Ал қаржыны мобильді аударым арқылы жіберуді сұраған.

«Қылмыстық жауапкершіліктен қашу үшін басшылығы арнайы келісімшарт жасаған. Бұл бойынша зардап шеккендер тек азаматтық сотқа жүгіне алады, сәйкесінше қылмыстық жауапқа тартылмайды. Бұл бір сөзбен айтқанда – қаржылық пирамида, алаяқтық», — дейді Ғабит Өмірбеков.

«Пайызсыз баспана» әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Алайда басшысы қазір жұмыс істемейтінін айтып, Ерхан есімді азаматқа хабарласуды сұраған. Ал кеңселер жабық.
Ондаған зардап шеккен азамат ұжымдық арыз жазған. Енді істі экономика департаменті қарайды. Департаменттегілер қаржылық пирамида белгілерін анықтау үшін азаматтар арызын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберген.

(Фото http://Tengrinews.kz сайтынан алынды)