«20 жылдық естелік үшін рахмет». Ғашықтар шайпұлға 2 мың доллар қалдырған

0

Иллинойс штатының Чикаго қаласында ғашықтар Club Lucky атты Италия тағамдарын әзірлейтін мейрамханаға барып, даяшыны қуантарлық шайпұл қалдырған.

Даяшы мен бармен Эдди Круз екі адамның шотын жауып жатып олардың екі мың доллар көлемінде шайпұл қалдырғанын білген. Сондай-ақ, олар чекке «20 жылғы тәтті естеліктер, тамаша ас, керемет қызмет үшін рахмет. Гүлдей беріңіздер» деп жазған.

Club Lucky иесі Джим Хиггинс өз есімдерін жасыруды өтінген жұптың осыдан 20 жыл бұрын аталған мейрамханаға бірінші кездесуге келгенін айтты. Осыдан кейін ғашықтар жыл сайын 12 ақпан күні осы жерге келіп, таныстықтарын атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 19:30-да 46 үстелге келіп отырады.

«Club Lucky ашық тұрған кезде бұл үстел сол кісілердің атында болып қала береді», — деді ол.

Сондай-ақ, ол мейрамханасына дәл осылай келіп, таныстықтарын атап өтетін жұптардың көп екенін жеткізді. Айтуынша, бұл кісілер оған туған отбасындай болып кеткен.