20 миллард теңге шығын келді

0

Арыстағы жарылыстан келген шығынның нақты мөлшері 15 шілдеде белгілі болады

НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Алдын ала мәліметке сәйкес, Арыстағы жарылыс салдарынан мемлекетке келтірілген шығын мөлшері шамамен 20 миллард теңге. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, 24 маусым күні Арыс қаласында болған жарылыстан 8 мыңнан астам ғимарат зақымданған. Бұл да әлі нақты сан емес.

«Алдын ала мәліметке сәйкес, 7 600 үйге зақым келген. Ал кеше кешке шамамен 8 мың үйге жетті. Бұл нақты сан емес», — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ Владимир Беккер жарылыс салдарынан мемлекетке келтірілген шығын мөлшерін болжап айтты. 

«Кеше біз бұл мәселені тиісті органдармен талқыладық. Алдын ала мәліметке сәйкес, жарылыстан келген шығын мөлшері шамамен 20 миллиард теңге. Бұл қаланы жөндеуге қажетті қаражат. Бірақ бұл сан өзгеруі мүмкін. Менің ойымша, 15 шілде күні жарылыс салдарынан келген шығынның нақты мөлшері белгілі болады, — деп түйіндеді сөзін төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы.

Арыстағы төтенше жағдай

24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.

Жергілікті тұрғындардың үрейі үшіп, үйлерін тастап қаша бастады. Халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.

Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты: бір тұрғын және екі әскери қызметкер. 

Тағы оқыңыз: Шөкеев: төтенше жағдай кезінде қыдырып жүр

Қорғаныс министрі төтенше жағдайдың алдын ала себептерін атады. Оның айтуынша, жарылыстарға электр желісінің тұйықталуы, оқ-дәрідегі химиялық реакция, диверсия, бөтен бір заттың тиіп кетуі, шөптің жануы себеп болуы мүмкін. 

Саперлер қаланы тазартып, 28 маусымда тұрғындар үйлеріне орала бастады.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арыстың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден берілетінін мәлімдеді.



sputniknews.kz