20 маусымнан бастап Қазақстан бірқатар елдермен халықаралық рейстерді қалпына келтіреді — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстан кейбір мемлекеттерге әуе рейстерін ағымдағы жылдың 20- маусымынан бастап қалпына келтіреді, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Рейстерді қалпына келтіру Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарын және басқа елдердегі эпидемиологиялық жағдайдың деңгейін ескере отырып, Қазақстанда коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылады дейді Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) картасына сәйкес, 2020 жылдың 20 маусымынан бастап Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия және Жапонияға халықаралық рейстер кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», — делінген хабарламада.

Халықаралық бағыттардағы рейстер саны әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісімдерге және әр бағыттағы әуе кемелерінің коммерциялық жүктемесіне байланысты болады.

Рейстер мен билеттерді сату кестеге сәйкес авиакомпаниялардың сайттарында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, азаматтардың Түркиямен, Қытаймен, Оңтүстік Кореямен, Таиландпен, Грузиямен және Жапониямен мемлекеттік шекарадан өтуіне шектеулерді алып тастау ескерілетін болады.

Сондай-ақ, Қазақстан мен тиісті елдер орнатқан санитарлық қауіпсіздік шаралары аясында эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы ескеріледі.

stan.kz