Елімізде жұмыссыз қалған кезде берілетін әлеуметтік төлемді кім және қалай алады?

0
634

Қазақстанда 80 мыңға жуық адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 77,9 мың адамды құрады. Биыл 52 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыссыз қалған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-іне дейінгі мөлшерде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатынан төленеді.

Төлем тағайындалу үшін жұмыссыз қалған азамат:

  • eGov.kz порталында авторизациялану;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
  •  онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
  • бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Ол қашықтан жүзеге асырылады (қажет болған жағдайда сізге халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).

Бұл қызметті онлайн режимінде электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде министрліктің ақпараттық жүйесі төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен жұмыссыз қалған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан беріледі және жұмыс іздеу кезеңде қолдауға арналған.

Айта кетсек, министрлік еліміздің 40 қаласының тұрғындары үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын қашықтан жүзеге асыру мақсатында электрондық еңбек биржасы қызметін іске қосты.

Пилоттық жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды.

Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.