2 ер адам зорламақ болған: Ұлттық ұлан сарбазы қызды құтқарып қалды
Шымкентте ер адам қызды өзін зорламақ болғандардан құтқарып қалды, бұл туралы ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі айтты.
13 ақпан күні жыл сайынғы демалысқа шыққан Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің әскери қызметкері қызды күдіктілерден аман алып қалды.
Қатардағы жауынгер Артем Калашников Жібек Жолы көшесі жақтан сағат 00:40 шамасында қыздың көмек сұрап айқайлағанын естиді. Ол ойланбастан қыздың дауысы шыққан жаққа қарай жүгіреді.
Оқиға орнына келе салысымен қызды зорламақ болған екі ер адаммен төбелесе жөнеледі. Осылайша күдіктілердің бірін ұстап қалады, екіншісі қашып үлгереді.
Бірден 102 нөмірі арқылы полиция экипажы шақырылып, ұсталған азамат Еңбекші аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
«Мен қыздың дауысын ести салысымен бірден сол жерге бет алдым. Менің орнымда бәрі осылай істейтін еді деп ойлаймын», — деп жауап берді Артем Калашников.
Сондай-ақ, оның күдіктілерді ұстау кезінде қолын жарақаттап алғаны белгілі болды.
Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, ал екінші күдікті іздестіріліп жатыр.