2,5 мыңнан астам адам мас күйінде көлік жүргізіп, жол ережесін бұзған

0

2018 жылғы 26 желтоқсан 14:08 180

Ақмола: 2,5 мыңнан астам адам мас күйінде көлік жүргізіп, жол ережесін бұзған


 
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат — Ақмола облысында жыл басынан бері 2,5 мыңнан астам адам мас күйінде көлік жүргізіп, жол ережесін бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегінше, өңірде тіркелген жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі —  көліктердің жолдың қарсы бағытына шығып кетуіне тиесілі болып отыр.

«Биылғы жылдың 11 айында Ақмола облысының жолдарында жылдамдықты шамадан тыс асыру бойынша 20 мыңнан астам оқиға тіркеліп, ереже бұзған жүргізушілер ҚР ӘҚбК 592-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек 2500-нан астам жүргізушінің мас күйінде көлік басқарғаны анықталды», — деді ведомстводан.

Сонымен қатар, жол көлік оқиғасына жаяулардың да қатысы бары анықталды. Жаяу жүргіншілер көбінесе бағдаршамның қызыл түсі мен жолдың рұқсат етілмеген тұсынан жүгіріп өтіп, көлік жүргізушілеріне кедергі келтіреді. Жыл басынан бері 14 мыңнан астам жаяу жүргінші жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сол себепті, жергілікті полиция қызметі жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында апта сайын «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Назар аударыңыз, жаяу», «Қауіпсіздік апталығы» сияқты шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Осы орайда, полицейлер қыс айларында жолдардың көктайғақ болуына байланысты ақмолалықтарды жолға шыққанда сақ болуға шақырады.

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz