1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №407 санында жарияланған мақала
«Еңбекші қазақтың» бастап шыққан күні 1921 жыл ноябрьдің 7-сі еді.
Ол жылы кәдімгі мешін жұтының ауырлығы басып, елдің, үкіметтің есін тандырып тұрған кезі болды.
Алғашқы кезде газет жетісінде бір шығатын болды. Баспасөзі жөнге қойылып, қалам қайраткерлері төселмеген қазақтың жаңа дәуірінде жетісінде бір шығарудың өзі де ауыр болды. Өйткені баспаханада қаріп аз, қаріп тізушілер аш, іске көңілсіз еді.
Елдің жұтқа ұшырап, алды қырылып жатқан ұлы апаты кезінде елдің көз-құлағы болу өте керек еді. Ел мен үкімет арасын жақындастырып, ел мұңын, үкімет шараларын бір-біріне жеткізуде «Еңбекші қазақтың» ол дәуірі тарихта зор орын алады. Газеттің ол кездегі елге таралу реті нашар болды. Ақысыз, тегін таратылатын болса да, жергілікті пошта орындарының салақтығынан жіберілген жерге уақытында бармады. Ел ішін тегіс жайлап, орын тебе алмады. Жалпы ел қатынасып, жымдаса алмады. Бұлай болуда газет басқармасы айыпты емес еді. Басқарма қолынан келген шарасын істеп, екпінді жұмыстарға қол салып, жөн сілтей алды. Ол кездегі халықтың тұрмысына, мәдениет өрісіне лайықты жұмыс істей алмады деп те басқарманы айыптауға болмайды.
«Еңбекші қазақ» екінші жылында жетіде екі рет шығуға кірісіп еді. Бірақ екі рет шығуын ауыз айтса да, кейде жетіде бір-ақ шығып қалатын кездері болды. Өйткені ол кезде баспахана ісі былық болып, берілген материалдар мезгілінде үлгірмеді.
Алғашқы ұйымдасуында бас қосып, іске ысылып қалған жазушылары басқа жұмысқа бытырап кетіп, басқарма қызметкерлері жаңа адамдардан құрылды. Жазушылар саны аз болды. Міндетті жазушылар 2-3-ақ кісі болып, көбіне шеттен жазушыларға мұқтаж болды.
Ол кезде ұйымдасқан тілшілер болмады. Анда-санда әлдеқалай келіп қалған бірлі-жарымды елден жазылған шағым хаттардан басқа елден күрделі еңбек өнбеді. Ол кезде көбіне оқушы жастардың ғана көмегі тиіп, жазуға ұмтыла бастаған кезі еді. «Еңбекші қазақтың» ол кезіндегі көзге түсетін жұмысы – оқушы жастар арасында саяси қозғалыс туып, баспасөз ісіне жақын жүретін әдет пайда болу болды. Бұл жылында да газет таралу жұмысы көңілдегідей болмады. Газет ақылы болып, баға белгіленсе де көбіне тегін таралып жүрді. Алғашқы жылы ақылы болғанмен ақша төлеп алдырушы сирек болды. Газет жіберу ісі де тәртіпті емес еді. Көбіне газет жоғалу, түгел бармай қалу сықылды аурулар болып жүрді.
Үшінші жылында жетіде
3 шыға бастады. Бұл жылында да жазушылары өзгеріп, жаңа адамдар кірді. Газет қолдан қолға көшіп жүріп, күрделі еңбек көрсете алмады. Елге өзін танытып, елмен қолтықтасуы, елдің қышыған жерін табатын шын қамқоры екендігі көзге көріне алмады. Жазушысы аз, қызметкерлері толық болмай, көптің қалам көмегіне бұл жылда да мұқтаж болды. Үшінші жылының соңғы кезінде елден жазушылар бірте-бірте көбейіп, әр жерден көріне бастап еді, газет тілшісіз өркендемейді деген ой түсіп, көбірек тілшілер қаламына бой ұрды. Елден жазушылар жазуға жаңа бет алған кезі осы жылында көбірек көрінді.
«Еңбекші қазақтың» төртінші жылында тұлғасы өсіп, өрісі кеңуге бет алды. Басқарма адамдары табан серіппей отырып қызмет қылатын жазу-шыларын көбейтті. Бұрынғы жауапты қызметкерлерінің орнына басқа адамдар қойылды.
Ел ішіне әдейі арналып агенттер жіберілді. Сенімді тілшілердің тізбесі алынды. Әр жерден тілшілер белгіленді. Елден алдырушыларды көбейту, газет науқанын ашу сықылды жұмыстар жүргізілді.
Соңғы кезде тілшілер саны 350-ден асып, алдырушыларының саны 8000-ға жетті.
Бұрын шағымнан басқаны хабар екен деп түсінбейтін ел жазушылары енді шаруашылық, мәдениеттік істерге қатынасып, солар туралы жазуға төселіп келеді.
Ел ішіне газет таралуға жан салып кіріскен, үгіт-насихат жүргізіп, бірнеше алдырушылар жинаған белгілі тілшілер бар.
Төртінші жылында газет алушы көбейгеннің үстіне таралу жұмысында аз кем кемшілік болды. Оған басты себептер бар:
Газет жіберу жұмысы жаңа реттеліп келе жатқан мезгілде басқарманың қоныс аудару кезі болды. Орынбордан Қызылордаға көшу жұмысы басқарманың газет тарату жұмысына көп кедергі болды. Орынбордағы газет жіберу ісіне ысылып қалған қызметкерлердің көбі Қызылордаға келмей қалды. Жаңа қызметкерлер жаттығып кеткенше көп газет иесіне мезгілінде барып жетісе алмай қалулы. Басқарма ол қателікті мойнына алып, істі реттеп алуға кірісіп отыр.
«Еңбекші қазақтың» 4 жылдық өмірінің қысқаша тарихы осы айтылғандар. Баспасөзі өркендеп, қалам қайраткерлері ысылмаған қазақ жұртының өмірінде көп кемшіліктер болуға мүмкін. Бірақ жыл санап бұрынғы кемшіліктер жойылып келе жатқанын көріп отырмыз. Әлі де кемшіліксіз, мүлтіксіз емес шығар, әйткенмен бұрынғыға қарағанда бұты-қолын созуға бет алды. 4 жасында жетісіне 4 шығып келсе, 5 жасына қарағанда күнде шыққалы тұр. Тілшілерін тәрбиелеп, солар арқылы елге жаңа жұртшылық орнату, тап сезімін күшейтіп, саяси сана беру ісіне кіріскелі тұр.
Газеттің көпке ұнап, көптің газеті болу, тап құралы, тап жоқшысы екенін іспен ыспаттау үшін саналы азаматтардың қаламына әлі де мұқтаж.
Елмен қатыса білуге басқарма тәжірибе шегіп келеді. Әлі де тілшілерді тартып, олардың салт-санасын өсіру жабдығына кіріскелі отыр.
Ендігі тілек, әлеумет қызметіндегі саналы азаматтардың көмегінде қалды. Елдің мәдениет, шаруашылық істеріндегі күндік өмірге байлаулы мәселелерді майданға салып, пікір жүргізуге тартынбас деген үміт бар.
Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»