«19 жасымда 50 мың доллар таптым»: Айжан Базақованың ағасы тез байып, тез құлдырағанын айтты

0
989

Айжан Байзақованың ағасы Әлихан Байзақов құмар ойыннан кейін күйзеліске түскенін, бірақ өмірін жақсы жаққа өзгертуге күш тапқанын айтып берді.

Әлихан Байзақов Instagram желісінде жазба жариялады.

«Мен Алматыда, Орбита-3 ауданында қарапайым отбасында өстім. 17 жасымда әкем түрмеге жабылды. Менің өмірім күрт өзгерді. Біз бәріміз әкелерімізге сенеміз, жас кезімізде олардан үміт артамыз. Мен жұмысқа кірісуге мәжбүр болдым. 19 жасымда айына 50 мың доллар таба бастадым. Ол кезде жассың, қызбасың, тәжірибесізсің, ақымақсың, дөрекі айтқанда, өмірді көрмегенсің. Жамандық жасау өте оңай. Солай болды», – деп жазды.

Әлихан жылдар өткен сайын ақылы арта бастағанын айтты. Ащы тәжірибе оған өмірді үйретті.

«Мен тым тез көтеріле бастадым, қыдырдым, іштім, ақшаны оңды-солды жұмсадым, өзіме екі көлік сатып алдым, казино ойнадым. Казиноға 100 мыңнан астам доллар қалдырдым, тіпті көлігімді ломбардқа қойдым. Тез көтерілу және тез құлдырау болды. Мен тоқтамадым. Одан әрі күйзеліс, кінә, өзіме ашулану, отбасымның алдында ұятты сезіну болды. Не істерімді білмедім. Бір жыл бойы не істеу керек деп ойладым, ойымды, құндылықтарымды, өмірге деген көзқарасымды өзгерттім. Енді, Аллаға шүкір, өмірімде жаңа кезең басталды. Мен өзіме ұнайтын болашағы зор кәсіппен айналысып, өзімді қолға алдым. Жаттығу залына барып, режимді қалпына келтіріп, ортамды өзгерттім. Менің қателіктерімнен сабақ алу үшін  оқиғаларымды сіздермен бөлісіп отырмын», – деді ол.

Жас жігіт қорытынды жасағанын және отбасынан маңызды ештеңе жоқ екенін түсінгенін мойындады.

«Отбасынан басқа кім бізді кез келген жағдайда қабылдайды, тіпті бүкіл әлем теріс бұрылып жатса да, отбасың қасыңда», – деді Байзақов.

«Жетістікке жетесің», «Мықты пост, бауырым», «19 жасында бұл қандай жұмыс қандай болды екен?», «Барлығымыз қателесеміз, бірақ бастысы уақытында тоқтап, дұрыс өмір сүру» деп жұбатты желі оқырмандары.