17 жастағы ару қатерлі дертті қалай жеңгенін айтып берді — Қазақстан жаңалықтары
Қатерлі дерттің құрығына ілінгендердің көпшілігі өмірден түңіліп, өзін-өзі өлімге дайындай бастайтыны жасырын емес. Дегенмен, арамызда өзінің ерік-жігерінің мықтылығының арқасында қатерлі дертті жеңіп шыққандар жетерлік. 9 жасында аты жаман ауруға шалдығып, жеңіп шыққан Аружанның хикаясы Stan.kz материалында.
Мәселен, 9 жасында рак ауруына ұшырап, одан құлан таза айыққан Аружанның ерлігі кім-кімді болса да таңдандырмай қоймайды.
«Дәрігерлер бастапқыда диагнозымды дұрыс қоя алмады. Өкпе дертіне шалдықты деп топшылады. Кейін мойнымда пайда болған лимфа түйінінің ісігі 2-ші деңгейлі ракқа айналғаны анықталды. Үш жыл қатарынан химиотерапияны қабылдауға тура келді. Оның залалынан шашым, қас-кірпігім түгел түсіп, өз түрімнен өзім қорқа бастадым. Өмірімдегі ең бір қиын сәттер де осы кезең еді. Санаулы өмірім қалды деп кеудемді қорқыныш билей бастады», – дейді Аружан.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз алаңсыз асыр салатын балалық шақта қатерлі дерттің құрсауына түсіп, өмір үшін күресе білді. Әуелі Алла, одан соң анасының айрықша қолдауымен қиын сәттерді де артта қалдырды.
«Менің қауіпті дерттен жазылып шығуыма кәсіби білікті дәрігерлер көп ықпал етті. Бүгінгі жеңісім – сол кісілердің ерен еңбегінің жемісі. Сонымен қатар, психологтардың жаныма үңіліп, мені алға жетелегенін айтуға тиіспін. Адамның жанын емдей алатын өз ісінің іскер мамандары болмағанда бәлкім мен тұңғиыққа батып кетер ме едім!? Сондай-ақ, бұл тұрғыда бауыр еті баласының саулығы үшін бар күш-жігерін аямаған анамның да айрықша еңбегі бар», – дейді өмірге құштар өрімдей Аружан Тоқан.
Шынында да бір қарағанда өте нәзік көрінетін Аружанның қайсарлығына қайран қаласың. Ару қызды бұл дерттен аман алып шыққан оның асқақ арманы мен айқын мақсаты дер едік. Ол каратэмен шұғылданып қана қоймай, жеңістерге жетуді көздеді. Ем алып жүріп, ешбір жарысты қалт жібермеді. Каратэ бойынша жеткен әрбір жеңісі оны тек алға жетеледі. Аружанның спорттағы қадамдары «Спорт – саулық кепілі» деген тәмсілді растай түскендей.
«Алғашқы ем-шаралары нәтиже бере бастаған сәтте-ақ көңілімдегі бар күдіктен арылдым. Санамдағы бар үрейді жеңіп, тек өзімнің алға қойған арман мақсаттарымның жолында жұмыс істедім. Анам мені үнемі қолдап, қуат беріп отырды. Ол кісі де менің жазылып кететініме нық сеніммен қарады. Жаратқан ием жар болып, обырдан аман-есен айығып шықтым. Өткен күндерімнің барлығы көрген түстей өте шықты. Мен ракқа шалдыққан жандардың әрбіріне ем қонуын тілеймін. Ауруды жеңіп шығатындарыңызға сенімді болсаңыздар, бәрі де артта қалады. Бастысы – өз-өзіңізге деген сенімділік», – дейді.
Бала күнінен ұшқыш болуды армандаған Аружан бүгінде авиациялық колледждің екінші курсында оқиды. Арманы асқақ Аружанның алар асуы алда екені сөзсіз. Тек сәттілік серігі болғай.
Арнайы Stan.kz үшін
stan.kz