«16 жылдан бері Қытайдан шыға алмай отыр». Қазақстан азаматының сергелдеңі

0

ҚЫТАЙ КОНСУЛДЫҒЫ АЛДЫНДАҒЫ ПИКЕТ

Қаңтардың 14-і күні Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына келген Фарида Қабылбек Қытай билігінен күйеуі Рахыжан Зейнолланы Қазақстанға қайтаруын талап етіп, жалғыз адам пикетін өткізді. Әйелдің айтуынша, 2004 жылы Шыңжаңға қыдырып барған күйеуін ұстап, жауапқа тартқан Қытай билігі содан бері оны Қазақстанға қайтармай отыр.

— Оны жазықсыз ұстап, «тыңшы» деген айыппен 13 жылға соттап, түрмеге қамады. Ол аздай, бір жарым жыл саяси лагерьде ұстады, ал содан кейін үйқамақта отырғанына бір жыл, бір ай болды. Не деген сұмдық! Неге жібермейді? Қытай оны Қазақстанға қайтарсын! – деді Фарида Қабылбек.

Фарида Қабылбек Қытай консулдығы алдында жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. Алматы, 14 қаңтар 2020 жыл.

Фарида Қабылбек Қытай консулдығы алдында жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. Алматы, 14 қаңтар 2020 жыл.

Жалғыз адам пикетінде тұрған әйелдің талабын тыңдауға Қытай консулдығынан ресми өкілдер шықпады. Өзін «күзет қызметінің жетекшісімін» деп таныстырған, аты-жөнін айтудан бас тартқан адам «арыз-шағымды жазбаша жеткізуге» кеңес берді.

Қытай консулдығы алдына келген Алматы қаласының Медеу ауданы ішкі саясат бөлімінің қызметкері Рита Ерманова Фарида Қабылбекке жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алмай пикет өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертіп, «заңсыз іс-әрекетті» тоқтатуды талап етті.

Медеу ауданы ішкі саясат бөлімінің өкілі Рита Ерманова (оң жақта) Фарида Қабылбекке ескерту жасап тұр. Алматы, 14 қаңтар 2020 жыл.

Медеу ауданы ішкі саясат бөлімінің өкілі Рита Ерманова (оң жақта) Фарида Қабылбекке ескерту жасап тұр. Алматы, 14 қаңтар 2020 жыл.

«ТЫҢШЫ ДЕП АЙЫПТАП, СОТТАДЫ»

Фарида Қабылбектің айтуынша, 57 жастағы Рахыжан Зейнолла Қытайдың Боро-Тала-Монғол автономиялық облысының Арасан ауданына қарасты Қарабұқа кентінде туып-өскен. 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысына келіп тұрған. Бір ұл, бір қызы бар. Фарида күйеуінің Қытайда да, Қазақстанда да мемлекеттік органдарда қызмет істемегенін, тек ұсақ саудамен айналысқанын айтады.

Әйелінің сөзінше, Қытай билігі Рахыжан Зейнолланы 2004 жылы Шыңжаңға өзімен бірге қыдырып барған кезде ұстаған. Әуелде «Қытайдан Қазақстанға адам тасымалдаумен айналысты» деген күдікке ілінген Рахыжан кейін «тыңшылықпен айналысты» деген айып тағылып, он үш жылға сотталған.

— Қазақстанда оқығысы келген жиырмаға жуық баланың құжаттарын жөндеуге, шекарадан өтуіне көмектесті. Оның бар «қылмысы» — сол ғана, — дейді Фарида.

Ол «Қытай билігі тым болмағанда күйеуімнің «тыңшылық жасағаны» туралы айғақтарды көрсетсе ғой» деп налиды. Рахыжан Қытайда қамауға алынғанда бірі – он төртте, екіншісі бес жаста болған екі ұлы қазір ержеткен. Фарида қазір Шыңжаңда үйқамақта отырған күйеуімен мессенджер арқылы сөйлесіп тұратынын айтады.

ҚЫТАЙДА ҚАМАЛҒАН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ

Зайыбының сөзінше, Рақыжан Зейноллаға 2003 жылы Қазақстан азаматтығы берілген. «Тек құжатын қолына алып үлгермеген еді» дейді әйелі. Ол он алты жылдан бері күйеуін Қытайдан қайтаруға жәрдем сұрап, Қазақстан билігіне үздіксіз шағымданып келе жатқанын, бірақ еш нәтиже болмағанын айтады.

Күйеуі Рахыжан Зейнолланың Қытайға барарда Қазақстан азаматы екенін дәлелдейтін құжатты неліктен алмай кеткенін сұраған Азаттық тілшісіне Фарида:

— Виза мерзімі аяқталатын болды және құжат қолымызға тигенше жай болып кетті, — деп жауап берді.

Фарида Қабылбектің 2013 жылы маусымның 22-інде жазған шағымына Алматы облысының ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасының қарашада берген жазбаша жауабында «1963 жылы ҚХР туылған Зейнолла Рахыжан Қазақстан Республикасы президентінің 2004 жылғы 12 наурыздағы №1302 жарлығымен Қазақстан Республикасының азаматы болып саналады» деп жазылған.

Көші-қон полициясы басқармасының Рақыжан Зейнолла туралы жауабы.

Көші-қон полициясы басқармасының Рақыжан Зейнолла туралы жауабы.

2009 жылы Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өтініш иесі Фарида Қабылбекке берген жазбаша жауабында да Рахыжан Зейнолланың Қазақстан азаматы екені көрсетілген.

ҰҚК хатында «Қазақстан Республикасы президентінің 2004 жылғы12 наурыздағы №1302 қаулысына сәйкес Р. Зейноллаұлы Қазақстан азаматтығына өткен. Бұл оның құқығы мен мүддесін Қазақстан Республикасы Ата заңымен қорғауға болады. Жұбайыңыз қазір Қытайда болғандықтан, оның құқығы мен мүддесін қорғау Қазақстан сыртқы істер министрлігінің құзырына жатады» деп жазылған.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІНІҢ ЖАУАПТАРЫ

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 2016 жылы мамырдың 15-іне Фариданың күйеуін қайтару туралы шағымына байланысты «Қытайдан Қазақстанға жазасын өтеу үшін беру туралы тиісті құжаттар Қазақстан Республикасы бас прокуратурасынан келіп түскен жағдайда Қытай тарапына дипломатиялық арналар арқылы жолданатын болады» деп жауап жазған. Ал сол жылы мамырда Қазақтан бас прокуратурасы «2015 жылы желтоқсанда Қытайдың құзырлы органдарынан келіп түскен жауапқа сәйкес, Қытайдың түрмелерді бақылау бюросында Рахыжан Зейноллаға қатысты деректердің жоғын» хабарлаған.

2019 жылы маусымың 22-і күні Фарида Қабылбектің жолдаған арызына байланысты Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаменті «Рахыжан Зейноллаұлының ісіне байланысты Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігіне ресми нота жолданғанын» хабарлаған.

Азаттық тілшілері Рахыжан Зейнолланың мәселесіне байланысты Сыртқы істер министрлігіне бірнеше телефон шалғанымен, министрлік өкілдерімен тілдесу мүмкін болмады. Редакция министрлікке ресми хат жіберді.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы Рахыжан Зейнолланың мәселесіне байланысты сөйлесуден бас тартты.

Қытайдағы аз ұлттардың мәселесін көтеріп жүрген «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымының өкілі Қайрат Байтолланың пікірінше, Рахыжан Зейнолланың Қазақстан азаматы болуы және тағайындалған жазаны түгел өтеп шығуы мен отбасының Қазақстанда тұруы – оған елге оралуға үлкен мүмкіндік. Ол «Қазақстан әлсіздік танытпай, Қытай тарапынан дипломатиялық жолдармен талап ету керек» деп есептейді.

Былтыр қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан кейін Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Шыңжаңда қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде «бірде-бір этникалық қазақ жоқ» деп мәлімдеген. Бірақ туыстарының Шыңжаңда қамауда жатқанын айтқан кей тұрғындар биліктің бұл сөзіне күмән келтіріп, Қытайдан туыстарын қайтаруға көмектесуді сұраған.

Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да түркітілді ұлттарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. Былтыр БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы ықтимал деп мәлімдеген. Басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған Пекин кейін ол лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған «тәрбиелеу орталығы» деп атаған. АҚШ және өзге батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Пекин барлық айыптауды жоққа шығарады.

Azattyq