16 қарашаға арналған ауа райы болжамы

Бүгін елдің бірнеше облысында дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
Синоптиктер бүкіл республика аумағында ауа температурасы төмендейді деп болжады. Түнде елдің басым аумағында 10-18 градусқа дейін аяз болады. Қазақстанның оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысында – 2-13 градусқа дейін аяз. Республика аумағының кей жерлерінде тұман түседі, оңтүстік жартысында көктайғақ болады.
Дүйсенбіде Солтүстік Қазақстан облысының басым аумағында түнде қар жауады. Кей жерлерде тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғады. Солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы түнде секундына 15-20 метрге жетеді.
Ақмола облысында кей жерлерде тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғады. Солтүстік-батыстан, солтүстіктен соққан желдің жылдамдығы таңертең және күндіз кей жерлерде секундына 15-20 метрге жетеді.
Қарағанды облысында кей жерлерде тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғады. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-шығысқа ауысып, кей жерлерде жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде жаяу бұрқасын, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-шығысқа ауысады, кей жерлерде жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Қызылорда облысында көктайғақ болады деп болжанып отыр.
Қазақстанның ірі қалаларындағы ауа райы
Астанада қар жауады. Күндіз 7 градусқа дейін, түнде 17 градусқа дейін аяз болады.
Алматыда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз, 4 градус жылы.
Шымкентте күн бұлтты, жауын-шашынсыз, ауа температурасы – 1 градус нөлден жоғары.